Зайсанда 30 отбасы қоныс тойын тойлады
Зайсан қаласында 30 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға – көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және бюджеттік сала қызметкерлеріне табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Жүзеге асырылып жатқан жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен әлеуметтік әділдікті нығайтуға бағытталған. Жаңа үй – осы бастамалардың жарқын көрінісі.
Салтанатты рәсім кезінде аудан әкімдігінің өкілдері қоныс иелерін құттықтап, жаңа баспанада бейбіт өмір мен жайлы тұрмыс тіледі. Сонымен қатар мұндай жобалардың алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді. Өйткені баспана – тұрақтылық пен ертеңге деген сенімнің кепілі.
Жаңа пәтерге ие болған тұрғындар көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, бұл күнді ұзақ күткендерін жеткізді. Көпшілігі баспаналы болу өмірлерінде жаңа кезеңнің бастауы екенін атап өтті.





