KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 1 м/с, С
521.81 543.67 5.05

Зайсан ауданында тұрғын үй мәселесі жүйелі түрде шешілуде 

Фото: pexels.com

15.12.2024, 10:00 109 Гульжан Мусина

Президент Жолдауында азаматтардың өмір сапасын арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл міндетті орындау аясында Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтары мен бюджеттік қызметкерлерді сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.    

«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы басталған 2020 жылдан бері Зайсан ауданында жалпы 214 бір қабатты үй пайдалануға берілді. Бұл мақсатта 19 512 шаршы метр тұрғын үй салуға 3 128,4 миллион теңге бөлінді. Ауданда тұрғын үй мәселесін шешу бағытында биыл да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 

2024 жылы көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін 1,8 миллиард теңгеге 98 пәтер салу жоспарланды. Оның ішінде 68 пәтерге 1 200,8 миллион теңге, ал Зайсан қаласында орналасқан 30 пәтерге 644 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, Айнабұлақ ауылында 207 миллион теңгеге 12 пәтер салынуда. 

Бағдарлама аясында салынған үйлер сапалы құрылыс материалдарынан тұрғызылып, заман талабына сай жабдықталуда. Жыл соңына дейін осы 98 пәтердің құрылысы аяқталып, тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға беріледі. Олардың ішінде 20 пәтер көпбалалы отбасыларға, ал 78 пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына үлестірілмек. 

Зайсан ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 1 678 адам тұр. Олардың арасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 55 адам, көпбалалы аналар – 247 адам, халықтың әлеуметтік осал топтары – 737 адам, бюджеттік сала қызметкерлері – 595 адам, апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары – 44 адам. 

Бұл тізім халықтың баспанаға деген қажеттілігінің өзектілігін көрсетеді. Осыған орай, атқарушы органдар тұрғын үй құрылысын арттыруға бағытталған нақты қадамдарды жүзеге асыруда. 

Бағдарлама аясында салынған тұрғын үйлерді бөлу кезінде денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкерлеріне ерекше назар аударылып отыр. Әр ауданда тұрғызылған тұрғын үйлердің кемінде 15-20%-ы осы сала мамандарына арналады. Бұл қадам бюджеттік қызметкерлерді ынталандырып, олардың ауылдық жерлерде тұрақты еңбек етуіне жағдай жасайды. 

2024 жылдың соңына дейін құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Зайсан ауданы әкімдігі бірлесе отырып, 1,8 миллиард теңгеге салынған 98 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Айнабұлақ ауылындағы 12 пәтер де осы жылдың жоспарына енгізілген. 

Сонымен қатар, болашақта тұрғын үй құрылысын ұлғайту және сапасын арттыру бағытында жаңа жобалар қарастырылуда. Бұл шаралар халықтың баспанаға деген сұранысын толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді. 

Тұрғын үй – әрбір адамның өмір сапасының маңызды көрсеткіші. Зайсан ауданында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуде. Аудан тұрғындары үшін осындай игі істердің жалғасуы – болашаққа деген сенімді нығайтады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу