Риддерде 10 отбасы қоныс тойын тойлады - ШҚО (видео)
Риддерде қала күніне орай «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 10 отбасы жаңа тұрғын үйдің кілтіне ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Салтанатты шарада қала әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан тұрғындарды мерекемен құттықтап, қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстады.
Жаңа үйлер ең алдымен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға – мүмкіндігі шектеулі жандарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және толық емес отбасыларға берілді. Көптен күткен баспананың кілтін алған тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Бүгінде Кеншілер қаласында облыс әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Бірқабатты Шығыс» жобасы аясында салынған қоспәтерлі үйлердің сапасына және қолайлығына ерекше назар аударылуда. Құрылыс жұмыстары қала әкімдігі, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және AMANAT партиясы тарапынан қатаң бақылауда. Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, былтыр «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасының аясында 700 м² аумаққа қоспәтерлі бес тұрғын үй салынды. Бұл жұмыстарға 168 млн теңге қаржы бөлінген. Ал 2025 жылы жалпы ауданы 3 280 м² жерге жаңа баспана салынбақ.
Жаңа қоныс иелерінің қуанышын бөлісуге келген тұрғындар ақжарма тілектерін айтып, шашу шашты. Әр үйдің жанынан шаруашылыққа арналған жер телімі берілген. Сонымен қатар бұл аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйесі ретке келтіріліп, жолдар мен балаларға арналған ойын алаңдарын салу жоспарланған.
Фото/видео: Жалғас Сақадиев











