Мас күйінде көлік тізгіндеген азамат полициядан қашып, патрульдік көлікпен соқтығысты
Фото: stock.adobe.com
Жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, ер адам алкогольдік мас күйде көлік жүргізіп, заң талаптарын елемеген. Полиция қызметкерлері тоқтату талабын қойған кезде, ол бағынбай, қашып кетпек болған. Қашу барысында жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзып, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Азаматтың әрекеті патрульдік көлікпен соқтығысумен аяқталды. Жол-көлік оқиғасынан кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сот үкімімен тәртіп бұзушы 4 жылға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынды толық өтеді.
Прокуратура көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйде көлік басқаруы — өте ауыр құқықбұзушылық екенін ескертеді. Мұндай әрекет үшін заң бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.