KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 7 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Қант диабетімен күрес: жаңа заң - жаңа мүмкіндік

depositphotos.com

1.08.2025, 16:30 1 382 Айна Ескенқызы

2025 жылғы 14 шілдеде күшіне енген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін жетілдіру туралы» заң Қазақстанның денсаулық сақтау саласында маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалануы мүмкін. Бұл заң аясында әлеуметтік мәні бар ауруларды қаржыландыру жүйесі қайта қаралып, медициналық қызметтерді көрсету тетіктері жаңартылды. Қант диабеті — сол өзгерістердің тікелей нысаны, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Қант диабеті: әлеуметтік мәні бар ауру ма, әлде МӘМС пакетінің бір бөлігі ме?

Қант диабеті бұрынғысынша әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырылады. Алайда халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны қаржыландыру МӘМС пакетіне ауыстырылды. Бұл шешім пациенттерді қорғау деңгейін төмендетпейді, керісінше қаржыландырудың тұрақтылығын нығайтады және денсаулық сақтау қызметтерінің ауқымын, соның ішінде соңғы емдеу әдістерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімнің басты мақсаты — пациенттерге заманауи ем-домды тұрақты әрі кең ауқымда қолжетімді ету екенін мәлімдеді.

Мемлекеттік кепілдіктер қатерлі ісіктер, туберкулез, АИТВ, инсульт сынды ауруларға қатысты толық сақталып отыр. Қант диабетімен ауыратын 18 жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ қант диабетінің асқынған ағымы (ретинопатия, нефропатия, БСА, жүрек-қан тамырлары аурулары) бар ересек пациенттер МӘМС шеңберінде сақтандырылған жеңілдікті санаттарға кіреді.

Неліктен бұл шешім маңызды?

Қант диабетімен ауыратындар саны жыл сайын өсіп келеді. Электрондық тіркеу диспансерлік базасының мәліметтері бойынша, 2025 жылы Қазақстанда бұл диагнозбен 535 033 адам тіркелген. Оның ішінде:
    •    2 типті қант диабетімен – 504 456 адам (95%),
    •    1 типті диабетпен – 30 577 адам, оның 5 625-і — балалар.

Мұндай масштабта тиімді терапияны үздіксіз қамтамасыз ету үшін жүйелі және тұрақты қаржыландыру аса қажет. Заңнамадағы өзгерістер соны қамтамасыз етуге бағытталған.

Емдеудің қаржылық жағы: әр пациенттің жағдайы жеке қарастырылады

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы қант диабетін емдеуге 45,5 млрд теңге бөлінді. Бұл амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету (АДҚ) жүйесінің жалпы көлемінің едәуір бөлігін құрайды.

Пациенттерге кететін орташа шығындарға көз жүгіртсек, науқастардың 81%-на  жылына 618-ден 184 978 теңгеге дейін, 16,7% -на  184 979-дан 600 000 теңгеге дейін, ал 2,3%-на  601 000-нан 6,5 млн теңгеге дейін (инсулин помпалары мен жоғары технологиялы емді қоса алғанда) қаражат жұмсалады екен.

Бұл сандар мемлекеттік қолдау пациенттердің жағдайына байланысты жеке икемделіп көрсетілетінінің көрінісі.  

Заманауи терапия: инсулиндік қамтамасыз ету және жаңа буын дәрілері

Қазақстанда 1 және 2 типті қант диабетімен ауыратын барлық пациенттер 100% инсулинмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 2400 бала (1 типті ҚД диагнозы қойылғандардың 39%-ы) инсулин помпаларын пайдаланады. Бұл балалардың өмір сапасын едәуір жақсартып, аурудың бақылауын арттырады.

Novo Nordisk компаниясының детемир инсулинін өндіруді тоқтатуына байланысты бұл препарат сатып алудан алынып тасталды. Оның орнына клиникалық тұрғыда тиімді және қазіргі заманғы аналог — деглудек инсулинін қолдану кеңейтіледі.

Кімдер тегін дәрі-дәрмек алады?

МӘМС жүйесінде жеңілдікті санаттарға жататын азаматтар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі. Бұл санатқа:
    •    0-ден 18 жасқа дейінгі балалар;
    •    Қант диабетінің асқынған түрлері бар ересектер (ретинопатия, нефропатия, жүрек-қан тамырлары аурулары және т.б.) кіреді.

Ал скринингтік тексерулерден  — яғни ауруды ерте анықтау — 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық тұрғындар  сақтандырылу мәртебесіне қарамастан өте алады, өйткені скринингтер ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде жүргізілмек.

Инсулиндер мен балалар қауіпсіздігі

Humalog Mix 25 және Mix 50 инсулиндері Қазақстанда балаларға қолдануға арналмаған. Олар ұлттық клиникалық хаттамаларға енбеген және тек ерекше жағдайда (қолданудың пайдасы қауіптен асып түссе ғана) тағайындалады. Бұл шешім балалардың қауіпсіздігіне бағытталған.

Жаңа заң денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған нақты әрі дәлелді қадам болып отыр. Қант диабетімен күреске бөлінетін ресурстардың көлемі артып, халықаралық тәжірибелерге негізделген басқару тетіктері енгізілуде.

Қорыта айтқанда, қант диабетін МӘМС пакетіне ауыстыру — қаржылық ауыртпалықты жеңілдету емес, керісінше емдеу қолжетімділігін арттыру. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жойылмайды, тек жүйелі әрі заманауи формаға көшіріліп отыр. Мұндай реформалар денсаулық сақтау саласындағы тең қолжетімділік пен сапалы емдеу қызметін қамтамасыз етудің кепілі болуы тиіс.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу