KZ
Өскемен
-40°
туман жел 2 м/с, СШ
512.16 594.72 6.57

Үлкен Нарын ауылында SCO Youth Dialogue халықаралық форумы басталды

1.08.2025, 12:53 1 451 Ержан Әбіш

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауылында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жастар делегациясының қатысуымен SCO Youth Dialogue халықаралық форумы басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ауқымды шараға Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Тәжікстан Республикасының жас көшбасшылары, еріктілері мен қоғам белсенділері жиналды. Форум аясында қатысушылар тұрақты даму бағытындағы ынтымақтастықты, жастар бастамаларын жүзеге асыру тәжірибесін талқылап, ШЫҰ елдері арасындағы жаңа серіктестік векторларын белгіледі.

— Бүгінгі жастар – бастамашыл, белсенді әрі өте талантты. Бұл форум – ауылдық жерде алғаш рет ұйымдастырылған ірі халықаралық іс-шара. Көбіне мұндай деңгейдегі кездесулер ірі қалаларда өтетін, ал ауыл жастары тасада қалып қоятын. Бұл жолы бәрі басқаша. Жас көшбасшылар шабыт алып, болашақ бірлескен даму мен ынтымақтастық тұжырымдамасын қалыптастыруға алғашқы қадам жасауда, — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.

Айта кетейік, форум 2024 жылғы шілдеде Астанада өткен «ШЫҰ плюс» форматындағы саммитте қол жеткізілген келісімдер аясында ұйымдастырылды. Сол кезде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық сын-қатерлер алдында жастар бірлігінің маңыздылығын және бейбітшілік пен тұрақты даму жолында ортақ қимылдардың қажеттілігін ерекше атап өткен болатын.

Шара аясында жастар тек пікір алмасып қана қоймай, шынайы достық орнатып, мәдениеттермен танысып, өзара сенімге негізделген жаңа бастамаларға жол ашты. Форумға қатысушылар Шығыс Қазақстанның таңғажайып табиғатына тәнті болып, қонақжайлық пен ұйымшылдық деңгейіне жоғары баға берді.

— Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім. Елдің кең байтақ табиғаты мен шынайы қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды. Мұндай атмосфера жаңа идеяларға шабыт береді. Бұл форум – Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықты нығайтуға үлкен мүмкіндік, — деді ҚХР делегациясының өкілі Су Чань Юн.

Форум барысында қатысушылар шекара мен айырмашылықтарды ұмытып, ортақ болашақты бірге құруға бейілді екенін көрсетті.

— Мұндай кездесулер жастар арасындағы сенім мен достықты арттырып, жаңа жобаларға жол ашады. Форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен жергілікті халықтың шынайы ықыласы бәрімізге ерекше әсер сыйлады, — деп атап өтті Ресей делегациясының мүшесі Екатерина Забродная.

Фото: ШҚО әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу