Жас жол инспекторлары ел Шығысында бас қосады
3-13 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасына қарасты «Дарын» лагерінің базасында Ғазиз Байтасов атындағы «Жас жол қозғалысы инспекторы» атты XX республикалық мерейтойлық жиын өтеді. Бұл ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 11-14 жас аралығындағы 150-ден астам мектеп оқушысы қатысады. Сонымен қатар, Беларусь пен Қырғызстаннан келген командалар да жиынға қосылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шара туралы Өскеменде өткен Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтылды. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасының аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, слеттің басты мақсаты – балалар арасында жол-көлік оқиғаларын азайту және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру.
ШҚО Білім беруді дамытудың ғылыми-әдістемелік орталығы жанындағы «Дарын» лагерінің директоры Гаухар Рахимжанованың айтуынша, балалардың қауіпсіздігі – басты назарда.
Лагерь Шығыс Қазақстанның көркем табиғаты аясында – Таулы Үлбі өзенінің жағасында орналасқан. Қатысушылар үшін барлық жағдай жасалған: жайлы коттедждер, медициналық қызмет көрсету, асхана, мәдени және спорттық іс-шараларға арналған инфрақұрылым бар.
Балалар күніне бес рет толыққанды тамақпен қамтылып, денсаулықтарына тәулік бойы кәсіби медицина қызметкерлері жауапты болады. Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптар қатаң сақталады.
Жиын аясында қатысушылар тек жарыстар мен байқауларға ғана қатыспай, түрлі мәдени шараларға, тимбилдингтерге, шығармашылық конкурстар мен спорттық сайыстарға да белсене атсалысады. Бұл оқушылар үшін достық, жауапкершілік және тәртіп мектебі болмақ.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мерейтойлық жиын – тек жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы білім мен шеберлікті сынайтын жарыс қана емес, сонымен қатар жасөспірімдерге азаматтық тәрбие берудің, отансүйгіштік пен белсенді өмірлік ұстаным қалыптастырудың жарқын үлгісі.
Дмитрий Чжан
Фото: Жібек Нұрахмет


