Өскеменде «Аяз Ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі өтеді
2024 жылдың 19 мен 21 желтоқсаны аралығында Өскемен, Риддер қалаларында және «Алтай Альпісі» тау-шаңғы базасында алғаш рет «Аяз Ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі өтеді. Айтулы шара еліміздің әр өңірінен келген қатысушылардың басын қосады. Бұл туралы ШҚО мәдениет басқармасының басшысы м.а. Самат Қасенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Аяз Ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі өңірдегі белгілі тау-шаңғы курорттарында ұйымдастырылады. Жаңажылдық мерекелік шараның бағдарламасы балалар мен ересектерге арналған. Фестиваль қатысушылары мен қонақтарын үш күндік қызықты, әрі алуан түрлі бағдарлама күтеді. Бірінші күні ертегі кейіпкерлері Риддер қаласында өтетін жаппай шаңғы жарысына қатысады. Содан кейін Аяз Ата, Ақшақарлардың мерекелік шеруі және облыс өнерпаздарының концерті ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мерекелік бағдарлама аясында балаларды ойнатып, шеберлік сағаттарын өткізу қарастырылған. Ал 20 желтоқсанда ертегі кейіпкерлерінің сайысы Глубокое ауданына қарасты «Алтай Альпісі» тау-шаңғы курортында жалғасады. Фестивальдің соңғы, үшінші күні Өскеменде жылдың басты оқиғасы – Солжағалау саябағының аумағындағы Аяз Ата резиденциясының маусымдық ашылуы өтеді. Салтанатты іс-шара өңірдің Бас шыршасын жағу рәсімімен тәмамдалады.
Атап өтелік, жаңажылдық мерекелік бағдарламаның аясында, спорттық сайыстар, мәдени шаралар және қатысушылары мен фестиваль қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын интерактивті ойындар өтеді. Осылайша, «Аяз Ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі өзара тиімді серіктестік негізінде береке-бірлікті күшейтіп, өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланыстың нығаюына септігін тигізбек.