KZ
Өскемен
-14°
небольшой снег жел 1 м/с, З
503.35 590.63 6.62

"АБАЙ - 180": “Айналдым елім” ән кеші аншлагпен өтті

2.08.2025, 20:00 289 Ержан Әбіш

 

Абайдың 180 жылдық мерейтойын тойлауға арналған онкүндік мерекелік іс-шаралар легінде бүгін ұйымдастырылған халық әртісі Майра Ильясованың “Айналдым елім” атты ән кеші аншлагпен өтті. Абай атындағы театр іші көрерменге лық толды — семейліктердің сүйікті әншісіне деген ықыласы айрықша, деп хабарлайды Altainews.kz Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

– Шаршап келген халыққа бір сағат болса да жақсы көңіл-күй сыйласақ екен деймін. Аудандарға да жол тартсам деймін — ауыл халқы бізді алыстан емес, жақыннан көрсін. Келем деген жерлестерім үшін есік әрдайым ашық. Абай тойының мәні зор. Елге келіп қызмет ету – біз үшін үлкен мәртебе. Өңірде тойдан той жалғасып жатқаны мені қуантады, – деді Майра Ильясова.

Кеш еркін әрі ерекше форматта өтті. Халықтың сүйіктісі көрермендермен еркін байланыс орнатып, Абайға қатысты сұрақ қойып, сондай-ақ, оның әндерін үздік орындаған көрерменге арнайы естелік сыйлық табыстады.

– Айтумен шектелмей, Абайша ойлауға тырысайық. Халық аманаты болған мұраны әрқайсымыз түсініп, бойымызға сіңіріп, дәріптесек – мақсатымыз сол, – деді өнер иесі.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай облыс аумағында онкүндік мәдени бағдарламалар жалғасып жатыр. Барлық шаралар ашық есік форматында, яғни көрермендер үшін тегін ұйымдастырылуда.

Кеште сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші Бисара Макенова, “Жас Қанат – 2016” байқауының жеңімпазы Парасат Отан және халықаралық байқаулардың лауреаттары — “Әдемі-ай” дуэті өнер көрсетті.

Гастрольдік сапар аясында “Айналдым елім” концерті 3-6 тамыз күндері Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.

Фото: 018.KZ — ABAI AQPARAT 

Видео: Абай облысының ӨКҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу