Астанада Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы салтанатты ашылуы өтті
Кеше елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың салтанатты ашылуы өтті. Бас қаламыздағы Опера және Балет театрында өткен мәні мен маңызды зор шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айтулы оқиғаға Хәкім Абайдың туған жері Шығыс Қазақстан облысынан аймақ басшысы Даниал Ахметов бастаған, елуден астам адамды құраған делегация арнайы қатысып қайтты. Биылғы Абай мерейтойының ресми ашылуына орай бұл күндері Шығыста 58 іс-шара өткізілмек. Соның жарқын бір көрінісі міне бүгін қасиетті Семей топырағында жалғасын табуда.
-Жыл көлемінде облысымызда барлығы бес жүзден астам түрлі іс-шаралар өткізілетін болса, соның ішінде халықаралық, республикалық және облыстық маңыздағы іс-шаралар қамтылған. Мұның ішінде ұлы ақынның туған жері Шығыс Қазақстан облысына ерекше маңыз беріліп отыр. Бұл бізге ерекше жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жақында жарияланған "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында Абайдың кемел тұлғалық, адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталып, Абайдың тойын күллі әлем алдында біркісідей ұйымшылдықпен өткізу арқылы барша қазақтың ауызбірлігі мен ынтымағын көрсетуді баса атап көрсетті. Сондай-ақ ақын мерейтойын науқаншылдық пен ысырапшылдыққа айналдырмай, басты назарды той өткен соң қалатын рухани азыққа бұрып отыр. Мерейтой кезінде қасиетті Семей қаласы абаттандырылып, Ақынның туған жері Абай ауданында есімін иеленген жаңа мектептің құрылысы басталмақ,-деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар Абай жылында ШҚО-да басқа да әлеуметтік нысандар жөнделіп, Абайдың әкесі Құнанбай қажының зираты жөнделіп, мұражайы ашылмақ.
Опера театрында өткен бір жарым сағаттық мерекелік мәдени іс-шарада елімізге танымал өнер қайраткерлері мен белгілі әншілер, актерлер Абайдың әндерін шырқап, өлеңдерін оқыды. Концерт бағдарламасына Абайдың барлық музыкалық мұрасы енген. Ақын шығармаларын КСРО және Қазақстанның халық әртістері Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, белгілі мәдениет қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева, Берік Айтжанов, сондай-ақ, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен талантты жастар орындады.