KZ
Өскемен
-11°
небольшой снег жел 8 м/с, З
514.74 599.36 6.71

Құқықтық реформа: кассациялық соттар өз жұмысын бастады

depositphotos.com

4.08.2025, 15:30 195 Ержан Әбіш

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша мамандандырылған үш кассациялық сот жұмысын бастады. Бұл соттар Астана қаласында орналасқан.

Кассациялық сатының жаңа жүйесін енгізу бұрынғы сот жүйесінде орын алған бірқатар объективті әрі жүйелік проблемаларға байланысты қажет болды.

Біріншіден, әділ сотқа қол жеткізу құқығының бұзылуы. Бұған дейін Жоғарғы Сот кассациялық шағымдарға алдын ала іріктеу жүргізіп, тек 2–5% іс қарауға жіберілетін. Көпшілік шағымдар тараптарды тыңдамай, бір судьяның шешімімен қабылданбайтын. Бұл жағдай қоғам тарапынан әділ сотқа қол жеткізудің шектелуі ретінде қабылданды. Сол себепті, шынайы қолжетімділікті қамтамасыз ететін реформалар қажет болды.

Екіншіден, барлық өкілеттіліктің бір орган — Жоғарғы Сотқа шоғырлануы. Ол бір мезгілде әрі кассациялық саты, әрі сот практикасын қалыптастырушы орган болды. Бұл құқық қолдану мен құқық шығармашылық функциялардың бір органда шоғырлануына әкеп соқты. Осыған байланысты, істерді қайта қарауға арналған тәуелсіз сатыны құру қажет болды.

Үшіншіден, Жоғарғы Соттың азғана істерді қарап, нақты сот тәжірибесінен алшақтауы. Мұндай оқшаулану сот шешімдерінің сапасына кері әсер етіп, олардың беделін түсірді. Жаңа кассациялық инстанция нақты істермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, бұл реформа — Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау және заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша алған халықаралық міндеттемелерінің бір бөлігі.

Қоғамда сот шешімдерінің ашық еместігі және әкімшілік ықпалға тәуелділігі жайлы пікір кең тараған. Тиімді кассациялық механизмнің болмауы халықтың сот жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтірді. Жаңа кассациялық модель сот әділдігін қалпына келтіріп, оның қолжетімділігі мен болжамдылығын арттыруы тиіс.

Реформаның мақсаты - барлық шағымдарды мәні бойынша қарайтын, ашық жұмыс істейтін, тараптардың қатысуымен шешім шығаратын, бірізді сот тәжірибесін қалыптастыратын және азаматтардың құқықтарын нақты түрде қамтамасыз ететін мамандандырылған тәуелсіз кассациялық соттарды құру.

Негізгі жаңалықтар

Қазақстанда кассациялық инстанцияны құру — бұл тек құрылымдық өзгеріс емес, сот төрелігінің философиясын түбегейлі өзгертуге бағытталған реформа. Оның негізгі мақсаттары: заң үстемдігін күшейту; сот шешімдерінің сапасын арттыру; әрбір азамат үшін әділ сотқа қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Жаңадан құрылған кассациялық сатының басты ерекшеліктері мыналар:

1. Үш мамандандырылған соттың жұмыс істеуі.

Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша кассациялық соттар Астана қаласында орналасқан. Жалпы судьялар саны — шамамен 90.

2. Алдын ала іріктеудің жойылуы.

«Таңдамалы кассация» тәжірибесі тоқтатылды. Енді барлық кассациялық шағымдар кемінде үш судьядан тұратын алқа тарапынан бірден қаралады. Біржақты шешімдер болмайды.

3. Қарау мерзімі мен форматы.

Істер алты ай ішінде қаралады. Сот отырысы міндетті түрде ауызша түрде өтеді және тараптардың қатысуымен жүргізіледі.

4. Жеңілдіктер мен қолжетімділіктің кеңеюі.

2027 жылдың шілдесінен бастап мүліктік дауларға қойылған шектеулер алынып тасталды: жеке тұлғалар (талап сомасы 200 АЕК-тен төмен), заңды тұлғалар (30 000 АЕК-тен төмен) ешқандай шектеусіз кассацияға жүгіне алады.

5. Жоғарғы Соттың рөлі.

Енді Жоғарғы Сот тек сот практикасының бірізділігін қадағалау міндетін орындайды. Ол сот актілерін тек ерекше жағдайларда қайта қарай алады – Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы немесе Бас прокурордың наразылығы бойынша, егер шағымда анық бір топтың немесе бүкіл қоғамның мүддесі қозғалған болса.

Осылайша, Қазақстандағы жаңа кассациялық сот әділ сот төрелігінің кепілдігін нығайтуға, сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот қорғауына қолжетімділік пен тиімділікті арттыруға бағытталған.

Людмила Побияха,

Өскемен қаласы мамандандырылған тергеу сотының судьясы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу