KZ
Өскемен
+1°
пасмурно жел 4 м/с, З
505.53 593.44 6.34

ШҚО-да 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы талқыланды

4.08.2025, 13:15 328 Ержан Әбіш

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте Шығыс Қазақстан облысының спортшыларын Италияның Милан және Кортина-д'Ампеццо қалаларында өтетін 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарына дайындау мәселесі қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов спортшылардың дайындық барысы туралы баяндады. Ол облыстың 16 спортшысы қысқы спорттың алты түрі бойынша олимпиадалық лицензиялар үшін белсенді күрес жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде биатлон, шаңғы жарысы, фристайл, шорт-трек, тау шаңғысы және трамплиннен секіру бар.

Ойындарға қатысуға басты үміткерлердің қатарында қазақстандық фристайл жұлдыздары Юлия Галышева, Анастасия Городко және Павел Колмаков, сондай-ақ шорт-трек өкілі Құмарқан Зейнеп бар. Олардың барлығы халықаралық рейтингтерде жоғары орынға ие және әлем кубогы мен рейтингтік жарыс кезеңдерінде ұпай жинауды жалғастыруда.

Спортшыларды қолдау мақсатында облыс әкімдігі 2024 жылғы 24 қазанда №259 қаулы қабылдады, оған кешенді дайындық жоспары бекітілді. Спортшылар заманауи құрал-жабдықтармен, тұрақты оқу-жаттығу жиындарымен, толық медициналық сүйемелдеумен қамтамасыз етілген.

Облыс әкімі жүйелі жұмысты жалғастырудың маңызын атап өтті.

– Дене шынықтыру және спорт басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп спортшылардың 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындығын бақылауға алып, жұмысты жалғастырсын. Бақылауды менің орынбасарым Ербол Нұрғалиевқа жүктеймін, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.

2025 жылдың соңына дейін спортшылар ондаған халықаралық старттарға қатыспақ, ал ойындарға финалдық іріктеу 2026 жылдың қаңтарында аяқталады. ⠀

Фото: ШҚО әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу