ШҚО: Қысқы спорттың қаһармандары – Шығыста
Шығыс Қазақстан облысының спортшылары биылғы IX қысқы Азия ойындарында, сондай-ақ халықаралық, республикалық қысқы спорттық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, барша қазақстандық жанкүйерлерінің үмітін ақтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан 20 медаль (4 алтын, 9 күміс, 7 қола) жеңіп алғаны белгілі. Шығыс Қазақстан облысының спортшылары осы айтулы жеңісті жақындатқан негізгі ойыншылардың алдыңғы сапында тұр. Біздің облыс қысқы Азия ойындарына 27 спортшы, яғни, ең көп спортшы жіберген өңір болды.
Азия ойындары жарыстары барысында Қазақстан тамаша нәтиже көрсетіп, тек Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан артта қалып, медаль кестесінде 4-орынға ие болған болатын. Қазақстанның 20 медалінің ішінде спортшылар 4 алтын медальға қысқы спорттың бірнеше түрінен, атап айтқанда, хоккей, шорт-трек, биатлон және фристайлдан қол жеткізді.
Қазіргі күні Шығыс Қазақстан облысының спортшылары қысқы спорт түрлері бойынша өтіп жатқан еліміздің VI қысқы Спартакиадасында да тамаша нәтижелер көрсетіп жатыр.
Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын қысқы Спартакиаданың алғашқы жарысы 8 ақпан күні Өскемен қаласында шайбалы хоккейден ерлер бәсекесімен басталған еді. Осы спорт түрінен біздің облыстың спортшылары хоккейден ерлер командалары арасындағы жарыста алтын медальді жеңіп алды. Фристайл акробатикасы бойынша облыс құрамасы қола медальға қол жеткізді.
8 ақпан – 13 сәуір аралығында өтетін Спартакиадаға 17 облыс пен 3 мегаполис спортшылары қатысып жатыр.
Кеше Риддер қаласында Спартакиаданың тау шаңғысы спортынан жарыстар басталды. Алғашқы жарыс күні еліміздің үздік спортшылары слалом дисциплинасында кім мықтыны анықтады.
Әйелдер арасында біздің спортшымыз Яна Мелинг тау шаңғысынан ІІІ орынға жайғасты. Ерлер арасында жерлесіміз, VII қысқы Азия ойындарының жеңімпазы Игорь Закурдаев топ жарып, шығысқазақстандық Захар Кучин қола жүлдеге ілікті. Тау шаңғысынан жарыс 16 наурызда мәресіне жетеді.
18 наурызда Щучинск қаласында қысқы спорт түрлері Спартакиадасының ресми ашылу салтанаты өтеді.
Шығыс Қазақстан облысының сайыпқыран спортшылары қысқы спорт түрлері алаңдарында жоғары деңгейде нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының халықаралық аренадағы жетістіктеріне елеулі үлес қосуда. Өңір өз спортшыларымен мақтанып қана қоймай, қысқы спорттан сынға түсетін спорт саңлақтарының ертеңгі жолына үлкен үмітпен қарайды.
Фото: ШҚО ӨКҚ