Интернет-алаяқтар белсенді әрекет етуде: олардың арбауына түсіп қалмаңыз
Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтық қылмыстарының саны артып отыр. 2025 жылдың басынан бері өңірде осындай 700-ден астам факті тіркелген. Бұрын алаяқтардың негізгі нысаны зейнеткерлер болса, бүгінде олардың құрбанына студенттер де, кәсіпкерлер де айналуда, деп хабарлайды Altainews.kz.
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты интернет-алаяқтардың әдіс-тәсілдері де күрделене түскен. Алайда мақсаттары бір — жеке деректер мен ақшаны иемдену.
Қазіргі таңда облыс бойынша интернет-алаяқтықпен күрес күшейтілді. «Стоп-алаяқ» атты кең ауқымды акция аясында тәртіп сақшылары үйлерді аралап, жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар, 4–7 тамыз аралығында республика көлемінде «Контрафакт» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Оның аясында киберқылмысқа қарсы әрекет ету шаралары жүзеге асырылады.
ШҚО әкімдігі, полиция және қала билігі бірлесіп, интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық медиа-жоспар әзірлеген. Негізгі мақсат — әрбір тұрғынды сақ болуға шақырып, алдын алу мәдениетін қалыптастыру.
Өзіңізді қалай қорғай аласыз? Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Жеке мәліметтеріңізді белгісіз сайттарға енгізбеңіз. Күмән тудырған жағдайда банкке немесе полицияға тікелей жүгініңіз. Күрделі құпиясөз қолданыңыз және екі факторлы аутентификацияны іске қосыңыз.
Интернет-алаяқтар адамның эмоциясымен ойнайды, асықтырады, сендіреді. Олар кәсіби психолог сияқты әрекет етеді. Сондықтан ешқандай жағдайда асығыс шешім қабылдамаңыз. Қандай жағдай болмасын, жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Егер күмән туындаса, бірден полицияға жүгініңіз.
Фото: Александр Шушеньков




