Жыл басынан бері 292 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты
Жыл басынан бері елімізде 221,7 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 292,2 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Мансап орталықтары арқылы 129,8 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында – 11,5 мың адам, жастар тәжірибесінде – 9,1 мың адам, қоғамдық жұмыстарда – 91,7 мың адам, «Күміс жас» жобасында – 14,8 мың адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасында – 2,6 мың адам, «Ұрпақтар келісімшарты» аясында – 90 адам жұмыс істей бастады.
Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытуға 48,5 мың жұмыссыз тартылып, оның 45,3 мыңы оқуын аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне 34,6 мың адам оқытылып, 19 мыңы сертификат алды.
Жұмыс берушілердің өтініші бойынша 4 610 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, 834-і оқуын бітірді. Сондай-ақ 224,3 мың адам кәсіптік бағдарлау орталықтарында кеңес алып, мамандық таңдау бойынша бағыт-бағдар алды.
Жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асып жатыр. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдайға сәйкес, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары шеңберінде – 129,8 мың адам, Электрондық еңбек биржасы арқылы – 86,2 мың адам, «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 66,3 мың адам, ал орталық мемлекеттік органдардың жобалары бойынша – 9,9 мың адам еңбекке орналастырылды.
Биыл әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) көлемінде 9 мың грант бөлу жоспарланған. Бірінші кезеңде 4,2 мың грант берілді. 11 тамыздан бастап «Business.Enbek» порталында екінші кезеңге өтінім қабылдау басталды.