Тамыз конференциясы-2025: кәсіптік білімнің жаңа белесі
Шығыс Қазақстан облысында педагогикалық қауымының басын құраған дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Биылғы конференция «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылып, білім беру сапасын арттыру мен білікті мамандар даярлау мәселелеріне арналды. Жиында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлінетінін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Конференцияға Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы қатысты. Сондай-ақ, дәcтүрлі түрде облыстық білім басқармасы басшылығы, әлеуметтік серіктестер, жоғары оқу орындарының ректорлары, әдістемелік орталықтардың өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері және білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері де жиналды.
Алқалы кеңестің негізгі мақсаты – өзара тәжірибе алмасу арқылы жауапкершілігі жоғары, адал, әрі саналы азамат тәрбиелеудің тиімді жолдарын бірлесе талқылау.
Облыс әкімі биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында дайындалған іс-шаралар жоспарына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше назар аударылып отырғандығын атап өтті. Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстандағы колледждер авиация, энергетика, жүк тасымалы, көлік және төтенше жағдайларда құтқару сияқты еңбек нарығының сұранысы бойынша жаңа мамандықтарға оқытуды бастайды. Бұл бастама өңірде кадр даярлаудың жаңа моделін енгізе отырып, жұмыс берушілермен өзара тиімді серіктестік орнатуға бағытталған. Соның негізінде білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу, студенттерге өндірістік тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндігін ұйымдастыру, колледж оқытушыларының біліктілігін кәсіпорындар базасында арттыру, сондай-ақ, кәсіби бағыттағы мамандар даярлау жұмыстарын күшейту қолға алынуда.
Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, педагогтерге жүйелі қолдау көрсету және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғаспақ.
Өңірлік білім басқармасының дерегінше, бүгінде облыста 900-ден астам кәсіпорын мамандар даярлау ісіне тартылған. Дуалды оқыту жүйесі аясында 5 мыңнан астам студент 448 кәсіпорында тәжірибе жинақтап жүр. Колледждерге қамқорлық көрсететін бизнес серіктестерінің саны да 32-ден 203-ке дейін өскен. Бүгінде бұл көрсеткіш жоғарылап, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыс жыл сайын артып келеді.
Жиында сөз алған Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбек 2025-2026 оқу жылында мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, кадр әлеуетін нығайту және сапалы әдістемелік қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, жеке секторды дамыту, ваучерлік қаржыландыруды енгізу, ата-аналарды қолдау және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.
Ғылыми конференция барысында білім беру саласының даму барысы сараланып, алдағы оқу жылының басым бағыттары айқындалды. Жиында «Келешек мектептері» үлгісін енгізу, білім беру мекемелерінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану, колледждердің рөлін арттыру және өңір кәсіпорындарымен әлеуметтік әріптестік орнату мәселелері кеңінен талқыланды.
Фото: Махаббат Ахметжанова


