KZ
Өскемен
-13°
небольшой снег жел 6 м/с, З
514.74 599.36 6.71

ШҚО әкімі: Жаңа оқу жылының басты бағыты – «Адал азамат» бағдарламасы

21.08.2025, 13:37 475 Айдос Мырзахметов

Өскеменде дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиынға өңір педагогтары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ардагер ұстаздар, ата-аналар қауымы мен әлеуметтік серіктестер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биылғы конференция «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұйымдастырылды. Шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұстаздарға алғысын білдіріп, алдағы оқу жылындағы басым бағыттарды атап өтті.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау – біздің басты міндетіміз. Балаларды адалдыққа, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу – мектептің де, ата-ананың да ортақ жауапкершілігі. Жаңа оқу жылының басты бағыты – «Адал азамат» бағдарламасын енгізу. Бұл жастардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, саналы әрі жауапты ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді», – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, биыл облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуға 2,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат мектептерді жөндеуге, жаңа оқу кабинеттерін жабдықтауға, балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталуда. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін 21 мектепті жаңғырту жоспарланған.

Балабақшалар желісі де назардан тыс қалған жоқ. Өңір басшысы мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде орын тапшылығын азайтуға басымдық берілетінін атап өтті.

– «Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиенің сапасы – баланың әрі қарайғы жетістігінің іргетасы. Сондықтан бүлдіршіндерге қолжетімді әрі сапалы білім беру – біз үшін маңызды міндет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен бірге, конференцияда колледждер мен техникалық білім беру ұйымдарының әлеуетін күшейту, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мәселесі көтерілді. Әкімнің айтуынша, өңірдегі кәсіпорындармен бірлесе отырып, дуалды оқыту жүйесі кеңейіп келеді.

Өңір басшысы педагог мамандығына деген жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын да атап өтті. Биылғы түлектердің шамамен 30%-ы ұстаздық жолды таңдаған.

– «Мұғалім – болашақты қалыптастыратын тұлға. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуының кепілі. Жаңа оқу жылында баршаңызға табыс, шыдамдылық пен шабыт тілеймін», – деп қорытындылады сөзін Нұрымбет Сақтағанов.

Фото: Махаббат Ахметжанова

видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу