KZ
Өскемен
-20°
туман жел 2 м/с, В
506.7 593.14 6.53

Риддерліктер «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының қызметін белсенді пайдалануда

12.09.2025, 18:00 214 Ержан Әбіш

12 қыркүйекте Риддер қаласына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келіп, Тишинская станциясына тоқтады. Пойыз қалада екі күн аялдап, кейін жолын жалғастырады. Осы уақыт ішінде жақын маңдағы ауыл тұрғындары білікті дәрігерлерден тегін кеңес алу, диагностикалық және емдік көмекке жүгіну мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар пойыз құрамындағы медиатор мен заңгердің қызметін пайдалануға болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Бүгін біз «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызын қаламызда қуанышпен қарсы алып отырмыз. Бұл – әрбір тұрғын үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімді болуын көздейтін маңызды жоба. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратындар үшін ерекше маңызы бар. Дәрігерлер мен медициналық мамандардың келуі – халық денсаулығына қамқорлық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік қолдау мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі, – деді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Қанырбек Төлеухан. – Медициналық пойыз ұжымына өлшеусіз еңбектері, кәсіптеріне адалдықтары және әрбір адамға деген ықыластары үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл шара риддерліктердің денсаулығын нығайтуға зор үлес қосатынына сенімдімін.

Пойыз станцияда екі күн болады. Дәрігерлер азаматтарды сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды, түскі үзіліс – 13:00-ден 14:00-ге дейін.

– Осындай жылы қабылдау үшін көп рақмет айтқым келеді. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған әлеуметтік жоба. Оның мақсаты – шалғай ауылдарда тұратындарға тегін, білікті медициналық көмек көрсету, – деді пойыздың бас дәрігері Елнұр Маханов. – Барлықтарыңызды қуана қарсы аламыз, «Саламатты Қазақстан» пойызына қош келдіңіздер.

Медициналық пойыз барлық азаматтарды қабылдайды, сақтандыру мәртебесіне қарамайды. Тіпті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспағандар да көмек ала алады. Пойыздың тәуліктік өткізу қабілеті – 600-700 адам. «Саламатты Қазақстан» мамандары кеңес береді, емдік және диагностикалық қызмет көрсетеді. Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу құрал-жабдықтарымен, шағын ота жасау бөлмесімен, зертханамен және басқа да кабинеттермен жабдықталған.

– Мен бұл жобаға үшінші жыл қатысып жүрмін. Балаларды да, ересектерді де қабылдаймын. Кейде бір айлық балалармен де келетіндер болды, – деді оториноларинголог Ерлан Бакен. – Жыл сайын бізге Риддер мен жақын ауылдардың тұрғындары жүгінеді. Бұрын келгендер қайта келеді, бізді таниды, көптеген адамдарға көмектестік.

Пойыз бригадасында терапевт, хирург, педиатр, невропатолог, стоматолог, офтальмолог, оториноларинголог, рентгенолог, гинеколог, уролог және басқа да дәрігерлер бар. Жылжымалы медициналық кешен базасында талдау тапсыруға болады. Дәрігерлер емдік шаралар жасап, қарапайым оталарды да жүргізеді.

– Әйелдер шағыммен келген жағдайда анализ аламын, нәтижесіне қарай ем тағайындаймын. Қызметтер қатарына жатырішілік спираль енгізу және алу сияқты манипуляциялар кіреді. Егер ота жасау керек болса, кеңес парағын жазып, оның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қалай жүзеге асатынын түсіндіреміз, – деді акушер-гинеколог Ақмарал Айдарбекова. – Бізге жүгінетін әйелдер өте көп.
Жоба қаражат тапшылығы салдарынан аудан орталығына тексерілуге бара алмайтын әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін аса маңызды.

12 қыркүйекте Тишинская станциясында адамдар ертерек жинала бастады. Таңғы сағат 9:00-де алғашқы келушілер тіркеуден өтіп, мамандарға жолдама алды.

– Мен жай ғана тексерілуге келдім. Барлығы жақсы. Кеңеске көңілім толды. Пойыздың келгені жақсы болды. Бұрын-соңды келмеп едім, алғашқы рет келдім. Келер жылы тағы келсе, міндетті түрде барамын, – деді облыс тұрғыны Оксана Русина.

Біреулер нақты шағымдарымен жүгінсе, енді бірі жалпы денсаулығын тексертіп, алаңдауға себеп жоқ екеніне көз жеткізгісі келді. Мамандар бәрін бірдей ықыласпен, кәсіби тұрғыда қабылдап, әр пациентке жеткілікті уақыт бөлді.

– Біз үшін, әсіресе қарттар үшін өте ыңғайлы. Біз осы өңірдің тұрғындарымыз, қуана келеміз. Қызмет көрсету өте жақсы, бәрі сыпайы, бәріне ризамыз, – деді жергілікті тұрғын Любовь Антонова. – Пойыз келгенде міндетті түрде келемін. Себебі қалаға барсақ, ұзын-сонар кезек болады. Ал мұнда бірден барлық тексерістен өтуге болады. Қажетті барлық кабинеттер бар.

Айта кету керек, қозғалысы шектеулі әрі пойызға өздігінен келе алмайтын науқастарға «Саламатты Қазақстан» дәрігерлер бригадасы үйлеріне барады. Мобильді топ пойыз келесі станцияға кеткенге дейін ауданда қызмет көрсетеді.

– Мобильді бригада құрамында орта буын медицина мамандары бар. Қажет жағдайда олар науқасты үйінен пойызға жеткізе алады, – деп толықтырды медициналық пойыздың бас дәрігері Елнұр Маханов.

Дәрігерлерден бөлек, «Саламатты Қазақстан» құрамында медиатор мен заңгер де бар. Олар кеңес беріп, азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді, азаматтық, әкімшілік, отбасылық, еңбек және өзге де дауларда жәрдемдеседі.

Елизавета Седых

Фото: Александр Шушеньков
Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу