KZ
Өскемен
-3°
снег жел 6 м/с, Ю
517.66 606.49 6.44

Өскемен: абаттандыру – тірлік тынысын жақсартуда

27.09.2025, 18:00 197 Айдос Мырзахметов

Өскеменнің көшелері мен аулалары соңғы айларда ерекше өзгеріске еніп келеді. Әр тұрғын күн сайын байқап жүргені – жолдардың тегістеліп, жаяу жүргіншілер жолдарының жаңарып жатқаны. Қалаға кірген қонақтың да, күн сайын осы көшелермен қатынайтын тұрғынның да ең әуелі көзге ілігері – құрылысшылардың қызу еңбегі. Асфальт құйылып, тас жолдар төселіп, көше шамдары жанып, бұрынғы сұрқай көріністен арылған аумақтар жаңа тыныс алып жатқандай. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – қала өмірін жеңілдетіп қана қоймай, Өскеменнің келбетіне жаңа сипат беру. Шаһардың әр бөлігінде атқарылып жатқан осындай ауқымды шаралар қала әкімінің тікелей назарында.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы екі ірі жол айрығының құрылысы жалғасады. Оның бірі – Жеңіс даңғылы мен Е.П.Славский атындағы жағалау – Пермитин көшесінің қиылысында, екіншісі – Сәтпаев даңғылы мен Жібек Жолы көшесінің түйіскен тұсында салынбақ. Бұл жобалар көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Ал биыл қолданыстағы көше-жол желісін жаңғырту жұмыстары нәтижелі орындалды. Орташа жөндеу бойынша 42 шақырымның 36 шақырымы толық аяқталып, 86 пайыздық көрсеткішке қол жеткізілді. Құм аралас тас төсеу де жоспарға сай жүзеге асырылып, 46 шақырымның 38 шақырымы жаңартылды. Сонымен қатар, шұңқырларды жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Жоспарланған 42 мың шаршы метр толық игеріліп, тамыз айында қосымша бөлінген қаржы есебінен тағы 4 мың шаршы метр аумақта жұмыстар жалғасты. Бұл міндетті «Таза Өскемен» кәсіпорны атқаруда.

Жол жөндеумен қатар, аулалық және кварталішілік жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта шамамен 39 мың шаршы метр асфальтбетон төселіп, оның ішінде аулаларды орташа жөндеу – 31,5 мың шаршы метрді, шұңқырларды жамау – 7,5 мың шаршы метрді құрады. Қалада 4,6 шақырым бордюр орнатылып, барлығы 95 аула мен көше учаскелері қамтылды.

Қала тұрғындарының серуендеуі мен қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолдарына да ерекше көңіл бөлінуде. Жоспар бойынша 11 шақырым тротуар жөнделмек, бүгінде соның 64 пайызы орындалған. Сонымен қатар, қала көшелерінде 48 мың шаршы метрден астам аумаққа брусчатка төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі Алмат Ақышов таяуда облыстық филармония маңындағы алаңды аралап, абаттандыру барысымен танысты. Жоспар бойынша бұл аумақ шығармашылық орталық қана емес, тұрғындардың сүйікті демалыс аймағына айналуы тиіс. Әкім құрылысшыларға нақты ескертулер жасап, жұмыстың сапасы мен мазмұнына жіті назар аударды.

– Мұнда көгал да, суару жүйесі де жоқ. Тас тақташалармен төсеп қоя салу жеткіліксіз. Бастапқы ойымыз жақсы болғанымен, қазіргі көрініс көңіл көншітпейді. Жылдам тиісті құрылғыларды әкеліп орнатып, жарықтандыруды жүргізіп, орындықтарды қою қажет, – деді 
қала басшысы.

Әкімнің тапсырмасына сәйкес, келесі жылы бұл жерде балалар алаңы мен стационарлық сахна пайда болады. Яғни, шығармашылық алаң қаланың мәдени өмірін байытып қана қоймай, тұрғындарға ыңғайлы жаңа кеңістік сыйламақ.

Бұдан бөлек, көп жылдан бері қараусыз қалған аумақтар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, автовокзал маңындағы Красин көшесі қайта жаңғыртылып жатыр. Мұнда жаңа тас жол салынып, бордюрлер, орындықтар және қоғамдық әжетхана орнатылады. Құрылысшылардың айтуынша, материал толық жеткізілген, тек жаңбырлы күндер салдарынан жұмыс сәл кідірген. Қолайлы ауа райы орнаған сәтте жұмыс қайта жанданады.

Әкімнің бақылауындағы нысандардың қатарында қаңырап бос тұрған қалалық Амфитеатр да бар. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени демалыстың тартымды орны болуы тиіс бұл нысанды жаңғырту жұмыстары келер жылы басталмақ. Әкімнің айтуынша, сахнаға кемінде 500 адам сыятын жабық алаң орнатылады.

Аулалардың жағдайы да басты назарда. Мыза көшесі, 13 мекенжайындағы аула тексеріліп, жауапты қызметтерге бірқатар тапсырмалар берілді. Олардың қатарында аула аумағын кеңейту, апатты ағаштарды санитарлық кесу, жатақхана аумағындағы дуалдың заңдылығын анықтау және балалар ойын алаңын орнату бар.

Қазақстан көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы да жаңаша кейіпке еніп келеді. Бұл жер алдағы уақытта қала тұрғындарының мәдени серуеніне арналған тартымды орынға айналмақ.

Өскемендіктер атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беруде. Әсіресе бұрын жылдар бойы жолдары жөнделмей келген аудандардың жаңарып жатқаны халықты қуантты. Әрине, жөндеу кезінде уақытша қолайсыздықтар да бар. Бірақ қала билігі құрылыс кестесін тұрғындарға қолайлы уақытпен сәйкестендіруге тырысып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу