Өскемен ГЭС-інде құтқарушылардың шеберлігі сыналды
Өскемен су электр станциясында ШҚО ТЖД қызметкерлері мен нысан бөлімшелері өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоспар бойынша, құбырдағы қысым төмендеп, мұнай төгіліп, кейін тұтанып кеткен. Өрт май қоймасына және қуатты электр жабдықтарына таралу қаупін тудырды.
Қатты түтін жағдайында құтқарушылар тыныс алу органдарын қорғау құралдарын қолданып жұмыс істеді. Өрт орнында штаб құрылып, өртті сөндіру учаскелері мен негізгі бағыттар белгіленді. Газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары ГЭС үй-жайларында барлау жүргізіп, зардап шеккендерді эвакуациялады.
Өртті өздігінен сөндіруге тырысқан нысан қызметкері күйік алып, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлеріне тапсырылды.
ТЖД өрт сөндірушілері мен ГЭС қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылының арқасында шартты өрт сәтті жойылды. Жаттығу барысында бөлімшелердің дайындық деңгейі мен өзара іс-қимылы тексерілді. Мұндай шаралар мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, осындай ауқымды нысандардағы қауіпсіздікті күшейтеді.






