KZ
Өскемен
-25°
плотный туман жел 1 м/с, СШ
514.31 603.03 6.4

ШҚО кәсіпкерлеріне Салық кодексіндегі өзгерістер түсіндіріліп жатыр

30.09.2025, 14:00 166 Ержан Әбіш

Облыс орталығында Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің ережелеріне арналған семинар өтті. Аталған құжат келесі жылдан бастап күшіне енеді. Алдағы уақытта осындай семинарлар өңірдің басқа да елді мекендерінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биылғы жылдың 18 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазіргі таңда еліміз бойынша халыққа негізгі өзгерістерді түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық науқан жүргізіліп жатыр.

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өңір қалалары мен аудандарында көшпелі семинарлар өткізуде. Бүгін мамандар облыс орталығы тұрғындарымен кездесті.

– Біз негізінен жалпы сипаттағы тақырыптарды – ортақ өзгерістерді қарастырамыз, – деді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова. – Әрбір баяндамашы салықтардың негізгі түрлері бойынша енгізілген жаңашылдықтарды түсіндіріп береді.

Мамандар көтерген басты мәселелердің қатарында: салық мөлшерлемелерін саралау, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу, «сән-салтанат салығын» қолдану, ҚҚС реформалау, арнайы салықтық режимдерді өзгерту, салықтық жеңілдіктерді алу тәртібін айқын әрі ашық етіп әзірлеу, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, сервистік модельге көшу және салық есептілігінің нысандарын 30 пайызға қысқарту бар.

Іс-шараға ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, салық төлеушілер мен консалтингтік компаниялардың өкілдері қатысты.

– Бүгін біз бизнес субъектілерімен кездесіп, негізгі ережелерді түсіндіріп жатырмыз. Маңызды компоненттердің бірі – камералдық мониторинг. Енді камералдық мониторинг ескерту сипатына ие болады. Бұрын камералдық бақылаудың хабарламасы «бұзушылықтар туралы» деп аталса, қазір «айырмашылықтар туралы» деп аталады. Егер бизнес субъектісі немесе салық төлеуші осындай хабарлама алса, ол айырмашылықтармен келіссе, салықтық есептілікті тапсыруы жеткілікті, ал келіспеген жағдайда жазбаша түсініктеме береді, – деді ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Гүлжан Беркутова.

Оның айтуынша, халық тарапынан өзгерістерді түсіндіру жөніндегі өтініштер үнемі түсіп тұрады. Сол себепті мамандар ашық кездесулер өткізіп, сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарды тіркеп отырады.

Айта кету керек, облыстағы көшпелі семинарлар қазан айының соңына дейін жалғасады.

– Бірақ бұл шаралармен шектелмейміз. Әзірге бірқатар көшпелі іс-шараларды өткіземіз. Сонымен қатар үлкен аудиторияға арналған ауқымды семинар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Кейіннен «Атамекен» алаңында да осындай іс-шаралар өткізілмек, – деді Гүлмира Сабралимова.

Ол сондай-ақ ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарына сұрақтарды e-Otinish арқылы, 1414 байланыс орталығы, департаменттің жұмыс телефондары немесе жеке қабылдау барысында қоюға болатынын еске салды.

Елизавета Седых
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу