KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

ШҚО салықшылары көшпелі семинарлар өткізіп жүр

Фото: ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті
Фото: ШҚО Мемлекеттік кірістер департаменті
27.05.2024, 14:14 142 Ержан Әбіш

ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Үлкен Нарын және Алтай аудандарында салық заңнамасын түсіндіру бойынша көшпелі семинарлар өткізді. Оған өңірдегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, құқық қорғау және уәкілетті органдардың өкілдері де қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Департамент басшысының орынбасары Сайранқан Қабыш іс-шара тұрғындардың салық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге, туризм объектілеріне салық салу тәртібін түсіндіруге бағытталғанын атап өтті.

– Елімізде профилактикалық қадағалауды жүргізуге мораторий кезінде шағын кәсіпкерлерге қатысты шаралардың жеңілдеуіне байланысты жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей қызметті жүзеге асыру, салық төлемеу, жалдамалы жұмыскерлерді жасыру, олар үшін әлеуметтік төлемдерді аудармау, карталар арқылы төлем қабылдаудан бас тарту, акцизделетін өнімді заңсыз сату секілді жайттар көбейді. Сол себепті осындай түсіндіру шаралары қолға алынып отыр. Келешекте тұтынушылардан чек бермеу, тіркелмей қызмет көрсету, алкоголь өнімдерін лицензиясыз сату бойынша шағым түскен жағдайда салықтық бақылау шаралары қабылданатын болады, – деді ол.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда ресми тіркелген 307 демалыс базасы бар, олар 2023 жылы 1 443,3 млн теңге, осы жылдың алғашқы тоқсанында 536,4 млн теңге салық төледі.

Үлкен Нарында 2678, Алтай ауданында 3552 бизнес субъектісі бар. Бұл аудандарда туристік демалыс нысандары көп, олар негізінен Бұқтырма су қоймасының жағасында орналасқан. Өңірде туристер үшін демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар жұмыс істейді.

Департамент өкілдері салық органдарында тіркеу есебіне қою, кассалық аппараттар мен терминалдарды қолдану, салық есебінде жалдамалы еңбеккерлердің табысын көрсету туралы заңнаманы түсіндірді.

Осы жылдан бастап енгізілген салық заңнамасындағы өзгерістер, жалпыға бірдей декларациялау, мобильді аударымдар мәселелері қаузалды.

Сонымен қатар спикерлер тауарларға ілеспе жүкқұжаттар, алкоголь өнімдерін сақтауға және сатуға лицензия алу ережесі туралы хабарлады.

Семинар барысында департаменттің, құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындар сұрақтарына жауап берді, салық салу, жалпыға бірдей декларациялау бойынша жадынамалар таратты.

Осындай көшпелі семинарлар 30 мамырда Қасым Қайсенов кентінде, ал 31 мамырда Самар ауылында өтеді. Бұдан әрі салық оргындарының мамандары демалыс базаларын, жазғы үйлерді және басқа да туризм объектілерін аралап, салық салу жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізетін болады.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу