Әскерилер мен өнерпаздар қарияларға қуаныш сыйлады – ШҚО
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Өскемендегі «Қамқор» жеке меншік әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мерекелік шара өтті. Бұл күні орталықта тұрып жатқан қарияларды Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің қызметкерлері құттықтап, ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекелік шара барысында әскери бөлім сарбаздары қарттарға арнап ән шырқап, өлең оқып, би биледі. Сонымен қатар, «Злато» би ансамблі мен Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының әртістері шараға атсалысып, қарияларға сый-сияпаттар тарту етті.
Бүгінде орталықта 60-қа жуық адам тұрып жатыр. Әр бөлме бір-екі адамға ғана арналған. Ең жасы – 60-тан асса, ал ең үлкені – 98 жаста.
Орталықта жұмыс істейтін музыкант, баянмен ән орындайтын өнерпаз бар. Қарттар денсаулықтарын нығайту үшін күнделікті спортпен шұғылданады, скандинавиялық таяқшамен серуендейді. Биыл орталық ауласына шағын саябақ жасап, жеміс-жидек, көкөніс және гүл егіп, бағбандықпен де айналысқан. Онда қызанақ, сәбіз, қияр сынды өнімдер өсіріліп, жаз бойы қариялар өз қолдарымен күтіп-баптапты.
Айта кетейік, егде жастағы адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін бұл мекеме бес жыл бұрын бұрынғы жатақхана ғимаратының негізінде ашылып, толықтай күрделі жөндеуден өткен. Қазіргі таңда мұнда тұрып жатқан қариялардың жағдайын жақын туыстары жиі келіп біліп тұрады.
Қызметкерлер қариялардың күнделікті тұрмысын жеңілдету үшін бар жағдайды жасап келеді. Олар тұрғындарды бес мезгіл сапалы тамақпен қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі мәдени іс-шараларға – кино, театр секілді орындарға апарып, белсенді әрі мәнді өмір сүрулеріне қолдау көрсетуде.
Қариялар өздеріне ерекше құрметпен қарап, арнайы құттықтап келген әскерилер мен әртістерге ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Осындай мейірім мен қамқорлыққа, шынайы ықыласқа толы шаралар – үлкендерді қуанышқа бөлеп қана қоймай, өскелең ұрпаққа да өнегелі тәрбие беретін игі бастама екені сөзсіз.
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жалғас Сақадиев












