Самар аудандық ауруханасына жаңа маман – эндокринолог дәрігер Жалғас Тоқсейітұлы келді. Оның бұл қадамы әлеуметтік желідегі белсенді қарым-қатынастың нәтижесінде жүзеге асты. Себебі жас маманның жазбасына Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов өзі жауап берген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Самар ауданы ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, Жалғас Тоқсейітұлы – Семей медициналық университетінің түлегі. Ол ересектермен де, балалармен де жұмыс істейді. Жас дәрігер жұбайы және кішкентай қызымен бірге Павлодардан Самар ауданына қоныс аударған.
– Өзіміз-ақ жағдайды өзгертуді ұйғардық. Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында эндокринолог мамандарының аудандарда қатты тапшы екенін айтты. Маған бірнеше өңірді ұсынды. Ақжар, Самар, Катонқарағай және Өскемен. Жұбайым екеуміз ақпарат іздедік, солардың ішінде Самар ауданы көбірек көңілімізден шықты. Табиғаты әдемі, орман, жағажай, әрі қалаға жақын, арасы бір жарым-екі сағат, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, шешім қабылдауда әлеуметтік желідегі пікір алмасу үлкен рөл атқарған.
– Мен әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Сол кезде аудан әкімі Серік Жеңісұлы Threads арқылы маған өзі жазып, Самар ауданында мамандар жетіспейтінін, біздің келуімізге қуанышты болатынын айтты. Әуелде шынымен әкімнің ресми парақшасы екеніне сенбедім, бірақ кейін көз жеткізіп, оның ашықтығына риза болдым, – деді эндокринолог.
Жаңа мекенге қоныс тепкен дәрігердің отбасы ауданның тұрмыс-тынысымен танысып үлгерген.
– Аурухана ұжымы жылы қабылдады, әріптестердің бәрі мейірімді, тез тіл табысып кеттік. Әрине, кез келген аудандық ауруханадағы сияқты кейбір мамандар мен заманауи жабдықтар жетіспейді. Бірақ жалпы медициналық көмектің деңгейі жаман емес, қаладағыдан көп айырмашылығы жоқ. Әкімдік үй берді, аула абаттандырылып жатыр, үлкен балалар алаңы салынуда. Бізге бәрі ұнады, ұзақ уақыт осында қалуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті дәрігер.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов те маманның келуі аудан денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды оқиға екенін айтты.
– Қазір әлеуметтік желілер маңызды мәселелерді шешудің құралына айналып келеді. Ашық диалог арқылы Самарға эндокринолог шақырғанымызға қуаныштымын. Жас мамандар мен олардың отбасына жағдай жасауды әрі қарай да жалғастырамыз, – деді Серік Жеңісов.
Енді Самар ауданының тұрғындары эндокринолог қызметін алысқа бармай-ақ, өздерінде ала алады.
Еске сала кетейік, биыл Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қызметтік тұрғын үй алуға 150 млн теңге бөлген болатын.
Дмитрий Чжан