Қазақстанда 35 миллион тонна мал азығы дайындалды
Қазақстанда 2025-2026 жылдардағы қысқы маусымға дайындық аясында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, республика бойынша 24,7 миллион тонна шөп (жоспардың 100,9%-ы), 1,8 миллион тонна пішендеме (108,6%), 2,7 миллион тонна құрамажем (48,9%), 1,8 миллион тонна сабан (88,0%) және 3,7 миллион тонна сүрлем (79,6%) дайындалған.
Ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысында (125,2%), сондай-ақ Абай, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында, сонымен қатар Шымкент қаласында (100%) тіркелген.
Мал азығының жеткілікті көлемі ауыл шаруашылығы жануарларын толыққанды азықтандыруға, жоспарлы өнім мен төл алуға және мал басының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, еліміздегі мал азығымен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты деп бағалануда.