KZ
Өскемен
-29°
туман Штиль
518.39 603.09 6.68

Аймақтың алдағы жылдардағы бюджеті нақтыланды

9.12.2025, 16:45 29 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаттың кезекті жиырма алтыншы сессиясы өтіп, оның күн тәртібінде облыстық бюджет және облыс аудандары бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі, 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет, өңірдің денсаулық сақтау жөніндегі перспективалық жоспарын іске асыру, Күршім ауданында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның іске асырылуы туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен, экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі тыңдалып, әр түрлі мәселелер де қарастырылды. Облыстық мәслихат сессиясының жұмысына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Алғашқы мәселе бойынша халық қалаулыларының алдында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов толыққанды баяндап, облыстың алдағы жылдарға арналған басты қаржылық құжатын бекітуге ұсынды.

Халықтың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі

Оның айтуынша, жалпы сипаттағы трансфертті қалыптастырудың негізгі мақсаты – халықтың барлық әлеуметтік маңызды және мемлекеттік қызмет түрлеріне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ Үкімет белгілеген міндеттерді орындауда аумақтардың бюджетпен қамтамасыз етілуін теңестіру. 

– Алдағы үш жылдық кезеңге арналған облыс бюджетінің меншікті кірістері жөніндегі болжам 2025 жылы күтілетін түсімдер мен алдыңғы жылдардағы салық базасының динамикасы ескеріле отырып қалыптастырылды. 2026 жылға кірістер 255,7 млрд теңге көлемінде болжануда, 2027 жылға – 273 млрд теңге, ал 2028 жылға – 293,2 млрд теңге. Қосымша республикалық деңгейден жергілікті деңгейге берілген кіріс түрлерінен де түсімдер ескерілді. Олардың ішінде өсімдік ресурстарын пайдалану үшін төлемдер, автокөліктің келуі бойынша алым, сондай-ақ кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы салықтар да бар. Олардың көлемі екі млрд теңгені құрайды, – деп атап көрсетті басқарма басшысы. 

Меншікті кірістердің негізгі үлесі шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қалыптасады.

Әлеуметтік салық бойынша аударым нормативтері және аудандық пен қалалық бюджеттерден облыстық бюджетке алынатын бюджет алу көлемдері айқындалды. Олар 2026 жылы – 184 млрд теңге, 2027 жылы – 103,5 млрд теңге, 2028 жылы – 121,3 млрд теңге.

– Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау қағидаларына сәйкес әзірленді. Қажеттіліктерді айқындау барысында биылғы жылдың 1 ақпанындағы ағымдағы шығыстардың нақты деңгейі, инфляцияның 5,5% мөлшеріндегі болжамы және орталық мемлекеттік органдар бекіткен салалық коэффициенттер ескерілді, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен субвенциялар көлемі айқындалып, олар 2026 жылға – 251,7 млрд, 2027 жылға – 306,9 млрд, 2028 жылға – 338,9 млрд теңгені құраған.

Осыларды рет-ретімен баян еткен басқарма басшысы Нұрсұлтан Шаттықұлы облыстық мәслихат депутаттарынан жобаға қолдау білдірулерін сұрады.

Осыған қатысты сессияда сөз алған облыстық мәслихаттың бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Марина Быкова сессия алдындағы комиссия отырысында, сондай-ақ тұрақты комиссияның бірлескен отырысында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет пен аудан-қала бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттерге қатысты шешім жобасы қаралғанын атап өтті.

Трансферттердің негізгі міндеті бұған дейін айтылғандай, өңірлердің бюджет мүмкіндіктеріне қарамастан, халыққа кепілдендірілген мемлекеттік қызметтерді ұсыну үшін тең жағдайды қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстары арасындағы айырманы жабу болып табылады.

Сонымен қатар ол 2026 жылғы негізгі көрсеткіштерге қысқаша тоқталып өтті.

– 2026 жылға арналған облыс бюджетінің кірістері – 255,7 млрд теңге. Қала және аудан бюджеттерінен алынатын қаражат – 108,4 млрд теңге. Республикалық бюджеттен берілетін субвенциялар көлемі – 251,7 млрд теңге. Ал Самар, Көкпекті, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарына берілетін субвенциялар 4,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қайта бөлулер облыстың даму жоспарына сәйкес барлық міндеттемелердің одан әрі орындалуын қамтамасыз ету үшін бюджетті теңгерімдеуге мүмкіндік береді, – деді Марина Быкова.

Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салада

Сессияда екінші мәселе бойынша да сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратов бұрынғыдай бюджет қаражатының негізгі бөлігі, яғни 60%-ы немесе 268 миллиард теңге – әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету бағыттарына жұмсалатындығына тоқталды.

Баяндамада айтылғандай, білім беру саласында 2026 жылға арналған шығындар 199,9 миллиард теңге көлемінде белгіленген. Осы қаражат есебінен 420 мекеменің қызметін қамтамасыз ету, 180 балабақша мен мектепке дейінгі ұйымдарда және 37 колледжде мемлекеттік тапсырыс орналастыру қарастырылған.

– Аймақтық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Білікті маман» жобасы аясында 1,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат 1271 грантты қамтиды, оның ішінде 270-і — сұранысқа ие жаңа мамандықтарға бөлінген. 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 8,5 миллиард теңге бөлінеді. Білім беру нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына 1 миллиард теңге, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан пайдалануға берілетін мектептердің шығындарын қамтамасыз етуге 1,8 миллиард теңге жоспарланған, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Бұдан бөлек, 2026 жылы Күршім ауылындағы орта мектепке арналған спорт залды салу аяқталады. Оның құны – 134 миллион теңге. Глубокое ауданындағы «Опытное поле» ауылына және Белоусовка кентіне мектеп жолдарын салуға 626 миллион теңге бөлінбек.

Денсаулық сақтау ғимараттары жаңарады

Басқарма басшысы келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, денсаулық сақтау саласы бойынша 12,2 миллиард теңге жоспарланып отыр. Вакцина сатып алуға – 1,5 миллиард теңге, 94 маманды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға 376 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде шетелде оқытуға және резидентураға – 155,9 миллион теңге қаралған.

Мұнымен қатар сирек кездесетін орфандық аурулары бар 124 науқасты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 1,7 миллиард теңге бағытталады. Туберкулездің алдын алу, жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы, адамның иммун тапшылығы вирусы және нашақорлықпен күрес бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыруға 266 миллион теңге жұмсалмақ.

– Денсаулық сақтау нысандарында күрделі жөндеу жүргізуге 1,7 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен бірге үш нысанның құрылысы мен жаңғыртуын аяқтау көзделген. Жалпы сомасы – 1,8 миллиард теңге. Олардың ішінде онкология және хирургия орталығының алғашқы үш қабатын жаңғырту – 645 миллион теңге, Ана мен бала орталығының ғимаратын перзентханаға қайта бейімдеу – 1 миллиард теңге, Зайсан ауданы Қаратал ауылында дәрігерлік амбулатория салу – 191 миллион теңге, – деді Нұрсұлтан Шаттықұлы.

Басқарма басшысы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге 26 миллиард теңге бөлінгенін, бұл 2025 жылғы бюджетпен салыстырғанда 7,5% өсімге ие екенін атады. Сондай-ақ, арнайы әлеуметтік қызметтерге – 9,9 миллиард, мүгедектерді қолдауға – 24 миллиард, азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге – 1,2 миллиард, өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға – 9 миллиард теңге қарастырылған.

Мәдениет пен спортқа ерекше көңіл бөлінуде

Алдағы уақытта аймақтың мәдениет пен спорт саласына 30 миллиард теңге бағытталады, оның ішінде мәдениетке – 8,6 миллиард теңге бөлінген. Театр және музыка өнерін қолдау, үш облыстық кітапхананың, алты музейдің, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мекемесінің және лингвистикалық орталықтың қызметін қамтамасыз ету қарастырылған. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға 870 миллион теңге бөлінеді.

Қарасу ауылындағы мәдениет үйін жөндеуге 15 миллион теңге жоспарланған. Ал 2026 жылы Серебрянка қаласында көпфункционалды орталықтың реконструкциясын аяқтау көзделіп отыр, жобаның құны – 770 миллион теңге.

– Дене шынықтыру және спортқа – 17,4 миллиард теңге бағытталуда. 38 спорт ұйымының жұмысын қамтамасыз ету, облыстық құрама командалардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуы қаржыландырылады. Спорттық мемлекеттік тапсырысты нормативтік қаржыландыру үшін 1,1 миллиард теңге қарастырылған. Екі спорт нысанын ұстауға 118,8 миллион теңге бағытталды. Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға 65,7 миллион теңге, Айнабұлақ ауылындағы спорт модуліне 53 миллион теңге бөлінеді, – деді басқарма басшысы Нұрсұлтан Маратов.

Оның айтуынша, бұлармен бірге облыста төрт спорт нысанын салуға 2,7 миллиард теңге жоспарланған. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басты назарда

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 7,8 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде сапалы ауыз сумен қамту және абаттандыру жобалары бар. 25 бюджет инвестициялық жобасын іске асыруға 6,7 миллиард теңге көзделген. Су құбыры және су бұру бағытында 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жалпы сомасы – 4,2 миллиард теңге.

Жылумен жабдықтау бойынша 11 жоба жүзеге асырылады, соның ішінде 4 жобаны аяқтауға – 1,6 миллиард теңге жұмсалмақ.

– 2023-2029 жылдарға арналған ТКШ инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде Өскемен қаласында жалпы ауданы 13,5 мың шаршы метр болатын үш көпқабатты үйдің құрылысын жалғастыру жоспарланып отыр. Байланыс және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында Өскеменде 14 жобаны аяқтауға 2,1 миллиард теңге қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуға 2,7 миллиард теңге бөлінеді. Мұның сыртында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 19,8 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға – 11,7 миллиард теңге, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға – 3,7 миллиард теңге қаралады, – деді Нұрсұлтан Маратов.

Сессияда айтылғандай, өңірде үш көлік жобасын іске асыруға 767 миллион теңге жоспарланған. Оларға Өскемендегі екі көпірлі жол айрығын салуды жалғастыру, Зубов даңғылы бойындағы жерүсті өткелін аяқтау және Риддер қаласындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бар.

– Ауыл, су және орман шаруашылығына 40 миллиард теңге бағытталады. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға – 25,3 миллиард, ветеринарлық қызметтің ағымдағы жұмысына – 4,7 миллиард теңге, ветеринарлық пункттер, станциялар және мал тасымалдау көліктерін сатып алуға – 1,7 миллиард теңге қарастырылған,– деді бюджет бойынша бас баяндамашы.

Осылардан бөлек, аймақтағы табиғатты қорғау шараларына – 10,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұған қоса 13 орман шаруашылығын және жедел әрекет ету отрядын ұстау шығындары қамтылған. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында инвестициялық жобаларға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге – 499 миллион теңге, агромәдениет өнімділігі мен сапасын арттыруға – 188,9 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Депутаттар денсаулық пен білімге тағы да қаржы бөлінсе дейді

Сессияда 2026 жылғы облыстық бюджетке қатысты сөз алған облыстық мәслихаттың бюджет, экономикалық реформалар және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Марина Быкова бірнеше мәселеге тоқталды.

– Біздің ойымызша, денсаулық сақтау және білім беру нысандарын жөндеуге бөлінген қаражат жеткіліксіз, нақты қажеттілік әлдеқайда жоғары. Жыл ішінде бюджет нақтыланған кезде осы мәселеге қайта оралу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Сондай-ақ қала және ауылдық елді мекендердегі жедел медициналық жәрдем көліктерінің паркін кезең-кезеңімен жаңарту қажеттілігіне назар аударғымыз келеді. Көліктер қатты тозған. Бұл мәселені шешуді және лизингтік қаржыландыру құралдарын қолдану мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Денсаулық сақтау нысандарының кредиторлық берешегін жабу — аса маңызды мәселе. Қараша айының соңындағы сома 4,4 млрд теңгені құрайды. Профильдік басқармаға кредиторлық берешекті жабу және оның әрі қарай ұлғаюына жол бермеу үшін жүйелі шараларды әзірлеу қажет деп санаймыз. Бұл мәселелер денсаулық сақтауды дамыту стратегиясында көрініс табады деп үміттенеміз, а – деді депутат.

Сессияның қорытындысында облыстық бюджет туралы шешім жобасы облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдауға ие болды.


Дәурен Аллабергенұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу