Қазақстандағы қала әкімінің тұңғыш сайлауы – Абай облысы
Бүгін Қазақстан тарихында алғаш рет қала әкімі тікелей сайлау арқылы таңдалуда. Бұл бастаманың алғашқы тәжірибесі ұлылар мекені – Семей қаласында өтуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ел үшін маңызды саяси науқанға 220 761 астам семейліктің қатысу құқығы бар. Таңертеңнен бастап тұрғындар сайлауға белсенді қатысып, жоғары азаматтық жауапкершілік танытуда. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше байқалады.
Сонымен бірге жасы жүзге жеткен ата-әжелер де кіші буыннан қалыспай, тарихи таңдауларын өздері келіп жасауда. Қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар мен мәдениет майталмандары да сайлауға қатысып, өз дауыстарын берді.
Қала тұрғындарының қолайлығы үшін бүгін қоғамдық көліктер тегін қатынауда.
«Кезінде полигон атымен танылған Семей бүгінде бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылық пен жаңғырудың символына айналды. Бүгінгі сайлауда жастардың белсенділігі ерекше. Олар қаланың болашағына бейжай қарамай, өз таңдауларын жасап жатыр. Семейдің өндіріс пен инновацияның орталығына айналуына үлес қосуға дайын. Халық бұл сайлаудан жақсылық күтеді — қаланың жаңарып, көркейгенін, әділ әрі ел игілігіне қызмет ететін әкім келгенін қалайды», - деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Вице-президенті Орал Шәріпбаев.
Айта кетейік, сайлаушылардың ішінде 1283 адам (0,58%) дауыс беру кезінде ерекше жағдайды қажет ететіндіктен сайлау учаскелерінде оларға қолайлы жағдай қарастырылған. Пандустар орнатылған, тактильді көрсеткіштер бар, учаскелер бірінші қабатта орналасқан және «Қолжетімділік картасына» енгізілген.
Қазіргі таңда қала бойынша 129 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Оның біреуі аумақтық деңгейде. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.