Глубокое тұрғындары аудан әкімі сайлауына белсенді қатысуда
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Алтай және Глубокое аудандарының әкімдері алғаш рет сайлау арқылы тағайындалады. Бүгін Глубокое ауданында 44 саулау учаскесінде аудан әкімінің сайлауы өтіп жатыр.
- Халықтың сайлауға келу ағымы басқа сайлаулардан кем емес, халықтың легі түс кезінде артатыны белгілі. Біздің аудан бойынша үш кандидат ұсынылды. Сайлау учаскесінің кіре бересінде үш кандитатымыз туралы толық ақпараттар берілді. Тұрғындар өз таңдауларын жасап жатыр, - деді 497 сайлау учаскесінің төрағасы Сәуле Бекболқызы.
Глубокое ауданындағы 497 сайлау учаскесінде дауыс беруге бірінші болып келген тұрғындарға сый-сияпаттар таратылды. Өзінің алғашқы сайлауына қатысып отырған Опытное Поле ауылының 2005 жылғы тұрғыны Жалғас Бақытбек алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
- Менің алғашқы - сайлауым аудан әкімінің сайлауы болғанына қуаныштымын. Өйткені ауданымыздың болашағы, дамуы мен көркеюі тікелей аудан басшысына байланысты. Сондықтан мен бұл сайлауға үлкен жауапкершілікпен келіп, әр кандидатты зерттеп, өз таңдауымды жасадым, - деді Жалғас Бақытбек.
Сайлау учаскелерінде әсем әуендер ойнатылып, сайлауға келушілерге ерекше көңіл күй сыйлауда.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында биыл республикалық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық түрде өтетінін мәлімдеген еді.