KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 4 м/с, ОШ
522.19 606.42 6.47

Қазақстандағы ең биік көпір Өр Алтайда бой көтермек

13.10.2025, 13:30 173

Шығыс Қазақстан облысындағы Осинов асуы арқылы өтетін жол қауіпсіздігі арта түспек. Республикалық маңызы бар Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытында жолдың құрылысы аясында Пихтовка өзенінің үстінен жаңа көпір салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметі бойынша бұл көпір Қазақстандағы ең биік көпір болмақ және елдің ең көрікті бағыттарының бірімен өтетін қозғалысты жыл он екі ай қауіпсіз әрі жайлы етеді. Құрылысшылар қазір өзен жағалауындағы және аралық тіректерді орнатып, іргетасты нығайтып, бетон және арматура қою жұмыстарын атқаруда. Құрылыс алаңы таулы аймақта екенін ескерсек, жұмыстар биіктікте өте қауіпті аумақтар және өзенінің екпінді ағысында жүргізілуде.

Нысан өңірдің көлік ағыны көп болатын бөлігіне айналары сөзсіз. Жаңа жол Шығыс Қазақстанның туристік және өндірістік әлеуеті жоғары аймақтарын байланыстырады. Ал жергілікті тұрғындар мен қонақтар үшін бұл – көлік қатынасының жақсаруы, туризм мен сауданың дамуы, жаңа қызмет түрлерінің пайда болуы деген сөз.

Жоба республикалық маңызы бар автожолдарды жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Құрылыс аяқталған соң асу арқылы жүру жыл бойы мүмкін болады, ал Шығыс Қазақстан облысы еліміздің маңызды көлік торабы ретіндегі мәртебесін тағы да бекіте түспек.



Айдос Мырзахметов 

Дамир Омаров

Видео: «Қазавтожол» ҰК» АҚ

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу