Қылмысты төмендету тәсілдері, ШҚО-дағы бейімдеу және детоксикация орталықтарының тапшылығы және ЖИ – Қазақстанның бас полицейі ішкі істер органдары қызметінің қорытындысын жариялады
ҚР Ішкі істер министрлігінде қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған Үкімет сағаты өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары мен ҚР Парламенті депутаттары қатысты, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов елдегі қазіргі жағдай, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар туралы жан-жақты баяндап, Мемлекет басшысы атап өткен «кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік» қағидатының маңыздылығын атап өтті.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
Тұрақты жағдай және қылмыстың азаюы
Үкімет сағаты барысында Ержан Саденов республикадағы қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жағдайдың тұрақты екенін атап өтті.
Осы кезеңде ел халқы 1,5 есеге артқанын ескерсек, бұл нәтижелердің маңыздылығы айқын көрінеді.
Ағымдағы жылы да оң динамика сақталып отыр. Былтырмен салыстырғанда жалпы қылмыс деңгейі 7%-ға, яғни, 6 мың жағдайға төмендеген.
Атап айтқанда:
- Адам өлтіру – 20%-ға;
- Тонау – 30%-ға;
- Бұзақылық – 11%-ға;
- Ұрлық – 24,5%-ға азайған.
Сондай-ақ:
- Бұрын сотталғандар жасаған қылмыс – 9%-ға;
- Қоғамдық орындардағы қылмыс – 7%-ға;
- Көшедегі құқық бұзушылықтар – 5%-ға;
- Отты қарумен жасалған қылмыс – 16%-ға төмендеді.
Министрдің айтуынша, мұндай нәтижелерге кең көлемді профилактикалық шаралар мен мақсатты бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында қол жеткізілді.
Профилактика – қауіпсіздіктің негізі
ІІМ басшысы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмысы «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүргізіліп жатқанын айтты.
Талдау нәтижесі бойынша, қылмыс жасағандардың 80%-ы – жұмыссыздар, үштен бірі – бұрын сотталғандар, ал жеке тұлғаға қарсы қылмыстардың 30%-ы мас күйінде жасалады.
Ержан Саденов бұл жағдай кешенді тәсілді қажет ететінін, яғни, тек күштік шаралар ғана емес, әлеуметтік бағдарламаларды да қамту керектігін атап өтті.
2025 жыл ІІМ-де «Профилактика жылы» болып жарияланды. Азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуының арқасында алғашқы нәтижелер байқалуда. 4700 қоғамдық көмекші тартылған, колледждер мен ЖОО-ларда 1264 студенттік жасақ, ауылдарда «Сақшы» және «Сарбаз» жасақтары жұмыс істейді. Олардың көмегімен 15 мың құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 307 қылмыс ашылған.
Сонымен қатар, 16 мың есептік кездесу мен жиын өткізіліп, учаскелік инспекторлар халықтың сұрауларына жедел жауап беруде.
Министрдің айтуынша, әр оныншы жағдайда полиция ескерту жасаумен шектеледі.
Қауіпсіздік қызметіндегі технологиялар
ІІМ қоғамдық қауіпсіздік саласында заманауи технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолданып келеді.
Қазір республика бойынша 1,5 миллион бейнебақылау камерасы орнатылған, оның 475 мыңы Жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосылған.
Осы жүйелер арқылы 523 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. ЖБО барлық облыс орталықтарында жұмыс істейді, жыл соңына дейін 75 аудандық бөлімге дейін кеңейтіледі.
Жасанды интеллект тергеу процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беріп, тергеу сапасы мен жылдамдығын арттыруда.
Алкоголизм және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес
Елімізде жыл сайын 10 мыңға жуық қылмыс мас күйінде жасалады. ІІМ қоғамдық орындарда ішімдік ішуге тыйым салып, мас адамдарды оқшаулау және есептегі тұлғаларға алкоголь ішуге шектеу енгізу жұмыстарын жалғастыруда.
Алайда министр атап өткендей, полицияның өкілеттігі негізінен мәжбүрлеу шараларымен шектеледі. Сондықтан ол келесі ұсыныстарды айтты:
- Алкоголь өнімін тек арнайы дүкендерде сату;
- Лицензия беру талаптарын қатаңдату;
- Спирттік ішімдікті онлайн сату мен жеткізуге тыйым салу;
- Көңіл көтеру орындарында сату уақытын шектеу.
Қазіргі таңда елде бар болғаны 38 бейімдеу және детоксикация орталығы (бұрынғы айықтырғыштар) бар. Бұл – жеткіліксіз. ІІМ олардың санын 70-ке дейін арттыру қажет деп санайды.
Министрдің айтуынша, кейбір өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Қарағанды және Ақмола облыстарында жаңа орталықтардың ашылуы кешеуілдеп жатыр.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 991 арнайы бөлімше құрылған. Төбелес пен жеңіл дене жарақатын салу іс-әрекеттері қылмыстық сипатқа көшірілді.
Нәтижесінде 70 мың қорғау нұсқамасы беріліп, 16 мың адамға мінез-құлқына қатысты шектеу қойылды.
Жасөспірімдер қылмысы және мектеп қауіпсіздігі
2025 жылы 1600 жасөспірім қылмысы тіркелген. Негізінен бұл – ұрлық, бұзақылық және есірткіге қатысты істер. Басты себеп – ата-аналық бақылаудың болмауы.
Түнгі уақытта балаларын қараусыз қалдырған 107 мың ата-ана мен 1900 ойын-сауық орны иесіне айыппұл салынған. 4200 қараусыз қалған бала бейімдеу орталықтарына жеткізілген.
Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 8 мың ювеналдық полиция қызметкері мен учаскелік инспекторлар бекітілген, олар 73 мың профилактикалық сабақ өткізген.
Қазақстандағы мектептердің 99%-ы бейнебақылау жүйесіне және ЖБО-ға қосылған. Дегенмен, кейбір өңірлер бұл көрсеткішке толық жеткен жоқ.
Киберқылмыс және есірткімен күрес
Қылмыстардың 26%-ы – киберқылмыстар. Министр бұл жағдайды азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігімен байланыстырды. ІІМ байланыс операторларымен және банктермен бірлесе отырып, 6 ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатты, 80 SIM-бокс пен 100 мың тіркелмеген нөмірді тәркіледі. «Антифрод-орталық» қызметі аясында 67 миллион алаяқтық қоңырау, 4500 жалған сайт және 2,7 млрд теңгелік есепшоттар бұғатталды.
Есірткі бизнесіне қарсы күресте 26 тонна есірткі тәркіленіп, 12 зертхана жойылды, 16 ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды. Медициналық емес мақсатта есірткі тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді, бұл 3600 фактінің жолын кесті.
Жол қауіпсіздігі және көші-қон бақылауы
Жолдағы жағдай әлі де күрделі. Негізгі себептер – көлік тәртібінің төмендігі, заңсыз тасымалдар мен ескі автопарк.
Цифрлық шешімдер (бейнекамералар, дрондар, «Қорғау» жүйесі) арқылы жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері жиі анықталуда.
Алайда апаттардың 85%-ы елді мекендерде болады. Министр жол инфрақұрылымын жетілдіру – басты міндет екенін айтты: жаяу жүргінші өткелдері, бағдаршамдар, тротуарлар мен жарықтандыру қажет.
Миграциялық бақылау саласында 306 мың шетел азаматы заңбұзушылық үшін жауапқа тартылды, 13 адам заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін сотталды.
Шетелдіктерді тіркеудің жаңа ережелері енгізіліп, «миграциялық тәуекел» бар елдердің азаматтарына шақыру беру шектелді.
Мәселелер мен жоспарлар
Ержан Саденов ІІМ-де материалдық және кадрлық ресурстардың жетіспеушілігі бар екенін ашық айтты.
Қазір елге қосымша 4500 учаскелік, 8200 патрульдік қызметкер, 326 учаскелік полиция пункті, сондай-ақ көлік пен техника қажет.
Қазіргі уақытта 83 полиция нысанын және 7 түзеу мекемесін салу және жөндеу қажет.
Заңнамалық бастамалар
ІІМ бес салалық заңды біріктіретін жаңа заң жобасын әзірледі. Ол профилактика субъектілерінің аясын кеңейтуді, әкімдер мен мемлекеттік органдардың бірлескен жауапкершілігін бекітуді, ведомствоаралық комиссиялардың мәртебесін арттыруды және есептегі тұлғалар санын 6-дан 16-ға дейін көбейтуді көздейді.
Бұл бастамалар жөнінде министр алдағы Мәжіліс отырысында толық баяндауға уәде берді.
Қорытындылай келе, Ішкі істер министрі Ержан Саденов елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрақты оң серпін бар екенін атап өтті.
Оның пікірінше, қылмыстың төмендеуі, заманауи технологияларды енгізу, профилактиканы күшейту және қоғаммен әріптестік орнату – алдағы табыстардың берік іргетасы.
Айгүл Базарова
Марат Усманов
Фото автордыкі


