Шығыс Қазақстан өнер училищесі мерейтойын атап өтті
Өнердің құдіреті – ұлт рухының айнасы. Бүгін дәл осы рухтың алтын бесігіне айналған ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі өзінің 70 жылдық мерейтойын «Шабытқа толы 70 жыл» атты салтанатты концерттік бағдарлама арқылы атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
1955 жылдың 1 қазанында іргесі қаланған оқу орны содан бері мәдениет, өнер және білім саласында 6 мыңнан астам маман даярлап, олардың 2 мыңнан астамын үздік диплом иегері ретінде үлкен өмірге қанат қақтырды. Бүгінде бұл ұжымда 987 шәкірт білім алып, 158 ұстаз еңбек етуде. Олардың дені – осы училищенің өз түлектері, кәсібилігі мен тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне арнап жүрген майталмандар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мерейтойлық шарада өнер ұжымын құттықтап, оқу орнының өңір мәдениетіндегі айрықша орнын атап өтті.
«Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің 70 жылдық мерейтойы – өңіріміздің мәдени өміріндегі жарқын әрі айтулы оқиға. Бұл білім ордасы жай ғана оқу орны емес, нағыз таланттар шеберханасы, өңірдің рухани орталығы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты». Сіздердің өнерлеріңіз – осы төлқұжаттың бет-бейнесі. Шығармашылыққа деген адалдықтарыңыз елдің мәдени келбетін қалыптастыруға зор үлес қосып келеді», – деді аймақ басшысы.
Училище – тұтас бір дәуірдің куәсі. Осы 70 жылда талай дүлдүл түлеп ұшып, сахна төрінде ел абыройын асқақтатты. Түлектерінің көбі бүгінде Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің, соның ішінде Ресей, Германия, Қырғызстан сияқты елдердің беделді жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып жүр. Арасында халықаралық байқаулардың Гран-при иегерлері, лауреат, дипломант атақтарына ие болып, училищенің кәсіби деңгейін дәлелдеп жүрген таланттар бар.
«Бүгінгі мерейтой біз үшін үлкен мәртебе. Бұл күн – жетпіс жылдық тарихымызды ғана емес, осы уақыт ішінде қалыптасқан дәстүр мен ұстаздық мектептің биік рухын айқындайды. Концерттік бағдарламамызда 22 нөмір орындалып, әрбірі көрермен ықыласына бөленді. Мерейтойға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген түлектеріміз қатысып отыр – бұл да біздің мектебіміздің беделінің айғағы», - дейді училище директоры Альмира Дюсупова.
Салтанатты жиында ұстаздарға облыс әкімінің, сондай-ақ ШҚО Білім және мәдениет басқармаларының алғыс хаттары мен грамоталары табысталды. «Хорды дирижерлеу» пәнінің оқытушысы Әсел Темірова мерейтойдың мәнін ерекше атап өтті.
«Бүгін училищеміз үшін елеулі оқиға. Өзінің мерейтойын атап өтіп отыр. Үздік түлектерімен танымал оқу ордасы өнер майталмандарын дайындайтын шеберханаға айналып үлгерді. Тек Қазақстанмен шектелмей, үлгілі тәрбиеленушілерін әлемдік деңгейге дейін түлетіп келеді», - дейді Әсел Қанбекқызы.
Мерейтой соңы шаттық пен ризашылыққа толы концертке ұласты. Сахнадан өткен әрбір нөмір – өнер мен еңбектің, дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсы іспетті. Ал облыс әкімінің атынан училищеге арнайы естелік сый табысталып, бұл күн ұжым тарихында тағы бір айшықты бет болып жазылды.
Айдос Мырзахметов
Руслан Акматалиев
Данияр Сағидолдин















