Қалихан рухымен тілдескен күн
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сыршыл суреткер Қалихан Ысқақ – есімі мәңгі сақталар айрықша биік тұлға. Оның 90 жылдық мерейтойына орай өткен «Қалихан Ысқақ оқулары» облыстық байқауы жазушы шығармашылығының өміршеңдігін дәлелдеген рухани мереке болды. Пушкин атындағы облыстық кітапханада өткен бұл шара шын мәнінде әдебиетке жан бітіртіп, сөздің киесін сездіртті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың бойына көркем сөздің құдіретін сіңіру, Қалихан мұрасының мәңгілік мәнін ұғындыру. Өйткені Қалихан Ысқақ шығармалары – табиғат пен адам арасындағы үйлесімнің, ұлт болмысының нәзік иірімдерін ашқан көркем шежіре.
Әдеби дода екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар Қалихан Ысқақтың шығармаларынан үзінді оқып, әр кейіпкердің ішкі жан толқынын, сөздің бояуын сезіндірді. Бұл тұста олардың әрқайсысы жазушының стилін жүрекпен ұғып, тыңдаушыны сезімге жетеледі. Екінші кезеңде – сұрақ-жауап сәтінде сайыскерлердің білім деңгейі мен қаламгер мұрасына деген қызығушылығы анық байқалды.
Қазылар алқасы құрамында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айымгүл Сейпутанова, жазушының туысы Айдын Сайлаухан және кітапхананың көпшілік шаралар бөлімінің жетекшісі Гүлбаршын Абылғазинова болды. Олар қатысушылардың әрбір сөзін мұқият тыңдап, шынайы баға берді.
Нәтижесінде бас жүлдені Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Еркеназ Сейтмұқаш иеленді. Бірінші орын С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Расул Идаятовқа бұйырды. Ал екінші орынға Қазақстан-Американ еркін университетінің студенті Айша Саитова және Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Эльнара Тоқтаубекова лайық деп танылды. Үшінші орын иегерлері сол колледждің студенттері Ділназ Қибатова, Шолпан Қадылбекова және Тоғжан Қалелова болды. Сонымен қатар әдебиетке деген сүйіспеншілігі мен сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсете білген Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенттері Асылжан Ниязбекова, Нұрдана Тоқтасын, Айдана Айдарханқызы «Көркемсөз оқу шебері» арнайы жүлдесімен марапатталды. Байқауға қатысушылардың барлығы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Қалихан Ысқақ оқулары – жай ғана жарыс емес, ұлт сөзін ұлықтаудың, рухани сабақтастықтың салтанаты. Әр жас қатысушының жүрегінде сол күннен бір ұшқын, бір сенім қалды: көркем сөз – адамды биіктететін күш, ал Қалихан Ысқақ – сол биіктің символы.


