KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
511 602.72 6.49

Электрондық темекі – жасөспірім денсаулығына төнген қауіп

20.10.2025, 11:45 163 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстандағы «Örken» өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығында өткен танымдық сабақта дәрігерлер мен педагогтер жасөспірімдер арасында кең тараған электрондық темекі тұтыну мәселесін талқылады. Мамандар вейптердің «зиянсыз» екені туралы пікірдің мүлде шындыққа жанаспайтынын және бұл әдеттің денсаулыққа ұзақ мерзімді зиян тигізетінін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

2025 жылдың 20 қазанында өткен «Электрондық темекі – денсаулыққа соққы» атты шараны «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік ақпараттандыру және білім беруді дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Кездесуге «Шығыс» профилактикалық медицина орталығының маманы, тәжірибелі дәрігер Армангүл Жембаева арнайы шақырылды.

Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және электрондық темекінің қауіпсіздігі туралы мифтерді әшкерелеу.

Кездесу барысында оқушылар мен маманның арасында ашық пікір алмасу өтті. Спикер соңғы жылдары электрондық темекі мен вейптердің жасөспірімдер арасында сәнге айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, бұл құрылғылардың құрамында глицерин, формальдегид, никотин және қыздырылған кезде улы әсер беретін басқа да химиялық қосылыстар бар.

– Әсіресе 12–13 жастағы балалардың электрондық темекіге әуестенуі қауіпті. Өйткені олардың ағзасы әлі толық қалыптаспаған, ал улы заттардың әсері тыныс алу, жүйке және жүрек-қан тамырлары жүйесіне айтарлықтай зақым келтіреді. Уақыт өте келе бұл тұрақты тәуелділікке айналуы мүмкін, – деді Армангүл Мақсұтқызы.

Маман «никотинсіз вейп» деген түсініктің де қате екенін түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай өнімдердің құрамында да ағзаға зиянды химиялық элементтер болады. Сонымен қатар, дәрігер құрылғыларды бір-бірімен алмастырып қолдану гигиеналық қауіп тудыратынын, яғни инфекциялар мен қабынулардың таралуына себеп болатынын ескертті.

Бұдан бөлек, сабақ барысында Қазақстанда электрондық темекілерге қатысты заңнамалық шектеулер бар екені де айтылды. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде электрондық темекі мен вейптерді өндіруге, әкелуге, сатуға және жарнамалауға толық тыйым салынған. Бұл шара мемлекет тарапынан жастардың денсаулығын қорғау және никотинге тәуелділіктің алдын алу мақсатында қабылданған.

Армангүл Жембаева бұл заңның маңыздылығын ерекше атап өтіп, ата-аналарды да балаларымен ашық сөйлесіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.

– Балаларға шынайы ақпарат беру, олардың сенімін жоғалтпай, қауіптің себебін түсіндіру – ең тиімді профилактика. Денсаулық – ең басты құндылық, – деді дәрігер.

Танымдық сабақ соңында оқушылар маманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, вейптердің нақты зияны туралы толыққанды ақпарат алды. Іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу