KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 1 м/с, С
519.61 610.13 6.54

Экономикалық реформаларға түзетулер: жаңа басқару мәдениетінің көрінісі

Ақорда

21.10.2025, 09:00 151 Базарова Айгүл

Өткен аптада Қазақстанда қызық әрі маңызды саяси-экономикалық процесс байқалды. Үкімет өз шешімдеріне түзету енгізіп, қоғамның сұранысына жедел реакция танытты. Бұл жолы билік кінәліні іздеуге емес, мәселені шешуге басымдық берді. Мемлекеттік аппараттың жұмыс стилі жаңа сапаға көшкені байқалады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке апта соңына дейін Үкімет әзірлеген экономикалық реформалар бағдарламасын азаматтардың мүддесіне сай жетілдіру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуды тапсырды. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және ел экономикасын сауықтыру бағытында шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.

Сонымен қатар Президент экономикалық саясаттың негізгі бағыттары елдің стратегиялық мүдделеріне сай екенін, жаһандық жағдай мен заманауи нарықтық үрдістер ескерілгенін атап өтті. Дегенмен, реформаларды іске асыру барысында қоғамда туындаған алаңдаушылық белгілі бір түзетулердің қажеттілігін көрсетті.

Сол күні Премьер-Министр Президент тапсырмасын орындау мәселесі бойынша Үкімет мүшелерімен, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларымен кеңес өткізді. Жиын жабық форматта өтті, бірақ нәтижесі көп күттірмей жария етілді. Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және реформалардың теріс салдарын жұмсарту бағытында нақты шаралар қабылдады.

2025 жылдың 16 қазанынан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін бұл шектеу күшінде болады. Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін коммуналдық тарифтерді өсіру тоқтатылды. Дегенмен, жоспарланған жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде орындалуы тиіс.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуін тежеу үшін отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру көлемі екі есеге арттырылады. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, бағаның тұрақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар делдалдардың негізсіз үстеме бағасын анықтау бағытындағы өңірлік комиссиялардың жұмысы күшейтіледі.

Жаңа Салық кодексінің шағын және орта бизнеске тигізетін ықтимал кері әсерін азайту үшін Үкімет жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға кедергі келтіретін артық шектеулерді алып тастады. Бұрынғы заңнамадағыдай, тыйым салынған қызмет түрлерінің саны 44 болып қалды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» басталады. Бұл шағын және микро бизнес үшін салықтық тексерулердің, камералдық бақылаудың және сот органдарына салықтық шағым түсірудің күшін жоюды білдіреді. Егер кәсіпкерлер негізгі қарыз сомасын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өтесе, өсімпұл мен айыппұлдар кешіріледі. Сондай-ақ қосымша құн салығы бойынша тіркеу шегінен асып кеткен кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Салық төлеушілерге арналған бір реттік акция өткізіледі — камералдық бақылаусыз және тексерусіз салық және әділет органдарында тіркеуден шығуға мүмкіндік беріледі.

Базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты банктердің ипотекалық бағдарламаларды шектеу жағдайында Үкімет тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие көлемі екі есеге арттырылып, 500 млрд теңгеге дейін жеткізілмек. Сонымен қатар жыл сайын шамамен 7 мың әскери отбасы екінші деңгейлі тұрғын үй нарығынан баспана сатып ала алуы үшін «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Құрылыс компанияларымен оффтейк-келісімдер жасалып, олар үш жыл бойы бағаны тұрақты ұстау жөнінде қарсы міндеттемелер қабылдайды.

Автокөлік өндірісін қолдау аясында отандық автоөндірушілер мен банктердің жеңіл автокөлік сатып алуға арналған қаржыландыру бағдарламалары жалғасады. Сонымен бірге жеке тұлғалар үшін автокөлік лизингі тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың көлік сатып алу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Бәйтерек» холдингіне шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шараларын ұсыну тапсырылды.

Кей сарапшылар бұл шешімдерді «өртті сөндіруге бағытталған амалдар» деп бағалағанымен, жағдайға басқа қырынан қарау орындырақ. Мұнда Үкіметтің нақты кемшілігін мойындап, оны түзетуге ұмтылуы – әлсіздік емес, керісінше жауапкершіліктің жаңа түрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев эмоциялық реакция емес, салқынқанды талдау арқылы шешім қабылдады. Бұл – биліктің қоғам алдындағы ашық әрі есеп беретін саяси мәдениетке бет бұрғанының көрінісі.

Иә, экономикалық реформаларға түзетулер қажет болды. Өйткені кей салалық шешімдер қоғамдағы нақты жағдайды толық қамтымады. Бірақ дәл осы сәтте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шынайы жұмыс істеді – билік халық үнін естіп, пікірді ескерді, шешімдерге нақты түзетулер енгізді.

Бұрынғы, ескі Қазақстан кезеңінде биліктің өз қатесін мойындағанын еске түсіру қиын. Сол заманда сәтсіз мемлекеттік бағдарлама көбіне министрдің қызметінен кетуімен аяқталып, артынша үнсіздік орнайтын. Ал бүгінгі жағдай басқа. Үкімет кеткен қателігін түзетіп, қоғам талабына бейімделе алды. Бұл – басқарудың жаңа мәдениеті.

Тиісті, дұрыс әрекет ел басшылығының алдын ала жоспарланған бағытта жүйелі жұмыс істеп келе жатқанын көрсетті. Қоғам мен билік арасындағы сенім осындай нақты, байсалды және жауапты қадамдар арқылы нығая түседі.



Алима Сейіт

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу