Бейінді мектеп: кәсіби бағдардың алғашқы баспалдағы
Өскемен қалалық білім бөліміне қарасты Бейінді мектеп қазіргі заман талабына сай, оқушыларға кәсіби бағдар беретін еліміздегі бірегей, республикадағы жалғыз білім ошағы. Мұнда оқушылар 10–11-сыныптан бастап өз кәсіби бағытын айқындап, таңдаған мамандығына бейімделу бойынша кешенді дайындықтан өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2020 жылы құрылған білім ошағынан жыл сайын жүзге тарта түлек үлкен өмірге жолдама алып шығады. Білім ордасының басты мақсаты — балаға тек ақпарат беріп қана қоймай, өмірге бағыт көрсету. Ал өмірге бағыт — кәсіби бағдардан басталады.
Мектеп директоры Бейбіт Искаковтың айтуынша, бұл оқу орнының басты ерекшелігі – оқушыны жоғары оқу орнына не колледжге емес, өмірге дайындайды.
Басшының сөзіне қарағанда, түлектердің кейбіреуі мамандығын тереңірек меңгеру мақсатында кейін жоғары оқу орнын таңдауы мүмкін немесе колледжге барады. Бірден өз ісін бастап кететіндер де кездеседі. Бозбалалардың тең жартысы әскерге барып, әскери борыштарын өтеуді қалайды. «Біз нағыз ер-азамат болуымыз керек», – деп санайды екен олар.
Мектеп миссиясы – өмірге бейім тұлға қалыптастыру
Қазір көптеген оқу орны өздерін «профильді» деп атайды, бірақ олардың көпшілігінде «профиль» тек пәнді тереңдете оқытумен шектеледі. Мысалы, гуманитарлық бағытта білім беретін гимназиялар, техникалық пәндерді тереңдете оқытатын лицейлер бар. Ал бұл Бейінді мектептің өзгешелігі – оқушыға нақты өмірлік және кәсіби бағыт беруінде. Мұнда әр оқушы болашақ мамандығын мектеп қабырғасынан бастап меңгереді.
Әр бағытта университет деңгейіндегі тәжірибелі мамандар – профессорлар, ғылым докторлары сабақ береді. Олар Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ, Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ және КАСУ университеттерінен шақырылған.
Мәселен, IT бағытын Өскемен IT hub орталығының директоры жүргізеді. Ал медицина мен педагогика пәндерінде студенттер нақты тәжірибелік білім алады: алғашқы медициналық көмек, коммуникация, балалармен жұмыс істеу дағдыларына дейін үйренеді.
Мектепте білім беру тек теориямен шектелмейді. Мұнда әр оқушы бір мезгілде өзі таңдаған бағыттан басқа бірнеше кәсіпті меңгеріп шығады: жиһаз құрастыру, ағаш өңдеу, шаштараз ісі, тігін, қолөнер, аспаздық, фотостудия, тіпті автослесарьлық дағдыларды үйренеді.
Қыздар да, жігіттер де екі жыл қатарынан көлік жүргізуді үйренеді. Мектепті бітіргенде қолдарына арнайы курсты тәмамдағандары туралы куәлік алып шығады.
Оқушы – серіктес
Бұл мектептің философиясы ерекше: мұнда оқушыны бала деп емес, тең дәрежелі әріптес ретінде қабылдайды. Қатардағы мектептердегі «Асанжан, ананы әкеле қойшы», «Қанат, сөйте қойшы» дейтін, жасөспірімдерді есейтпей, мәңгілік бала қалпында сақтайтын диалогтарды бұл жерде естімейсіз.
Бейбіт Абаканұлының пікірінше, жоғары сынып оқушылары ересек адамдар, өз шешімдерін өздері қабылдай білуі керек. Сол үшін оларға сенім артылады. Нәтижесінде олар өз мойнына жауапкершілік алған тұлға болып қалыптасады.
Тәрбиеге осындай көзқарас өз нәтижесін беруде. Көптеген оқушылар басқа мектептерден осы оқу орнына қайта оралады, себебі олардың менталитеті өзгерген, мұнда оларға «ересек адам» ретінде қарайды, соны олар бағалап үлгерген.
«Темірдің тілін» тапқан оқушылар
Автослесарлық кабинет оқушылар үшін жай сынып кабинеті емес, нағыз шеберхана. Мұнда жасөспірімдер көліктің құрылысын, ішкі жүйелерін терең зерттейді, қозғалтқыштарды бөлшектеп, қайта жинайды. Әр сабақ – жаңа тәжірибе, жаңа білім, жаңа дағды.
Осылайша олар нақты тәжірибе арқылы қай бөлшек қайда орналасқанын, әр құралдың қалай қолданылатынын меңгереді. Яғни, балалар мұнда қол еңбегін үйреніп, нақты дағдыларды қалыптастырады.
Ал мамандық таңдауға келсек, ол өз таңдауын әлдеқашан жасапты.
Медицина бағытын таңдағанымен Александр Шуляков та оған қосымша автослесарь дағдыларын үйреніп жүр.
Бейінді мектептің 11-сынып оқушысы Рамина Талғатова болашақ мамандығын ерте таңдағандардың бірі. Педагогикалық бағытты таңдаған ол аспаздық істі де ұнатады, көлік жүргізуді үйренген бесаспап.
Мектепті бітірген соң ол Аманжолов университетінде педагогика мамандығы бойынша оқуын жалғастырмақ.
Оқуға қабылдау және тәжірибе
Аталмыш оқу орнына қабылдау 9-сыныпты бітірген оқушылар арасында жүргізіледі. Үміткерлер кәсіби және психологиялық тесттен өтеді, әрі ата-аналармен жеке сұхбат ұйымдастырылады. Мақсат – әр баланың бейімін нақты анықтау.
Бүгінде мектепте тоқсанға жуық оқушы білім алады. Бір әттеген-айы – биыл қазақ тілінде оқытатын сыныпқа бар болғаны алты-ақ бала құжат тапсырыпты. Олардың барлығы да педагогикалық бағытты таңдаған.
Бейінді мектеп – Назарбаев академиясы мен Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жобасы. Бұл – жаңа үлгідегі «жоғары мектеп» форматындағы алғашқы тәжірибе.
Бүгінде қоғамға тек оқыған емес, іске шебер, қолы алтын нағыз мамандар қажет. Ал мұндай тұлғаларды қалыптастыру – дәл осындай мектептердің қолында. Бұл – білімнің жаңа философиясы, мектептің жаңа бейнесі және болашақтың кілті.




