«Алтын белгіге» үміткерлер екі есеге артты: Өскемен түлектері ұлттық сынаққа сақадай сай
Altainews.kz
Биыл Өскемен қаласында 11-сыныпты 1 899 түлек аяқтап, жаңа өмірдің босағасынан аттағалы отыр. Олардың арасынан 189 оқушы «Алтын белгіге» үміткер ретінде тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда едәуір жоғары – 2024 жылы бар-жоғы 107 түлек осы мәртебеге үміт артқан еді. Осылайша, бір жыл ішінде үздіктер саны екі есеге жуық өскені байқалады. Сонымен бірге, 215 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып отыр. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі қалалық білім бөліміне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Бүгінгі таңда Өскеменде 52 мектеп жұмыс істейді, олардың 49-ы – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік. Жалпы білім алып жатқан оқушылар саны – 47 223. Бұл – облыс орталығының білім жүйесінің ауқымын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық биыл да қарқынды жүріп жатыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 1 520 түлек (80%) тестілеуге қатысуға ниет білдірсе, 1 579 түлек (83%) жоғары оқу орнына түсуді мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, 93 оқушы кәсіби-техникалық білім беретін колледждерді таңдаған.
Айта кетерлігі, тек 11-сынып түлектері ғана емес, 9-сынып оқушыларының да өмірлік таңдау сәті жақындап қалды. Биыл Өскеменде 4 129 оқушы 9-сыныпты аяқтайды. Олардың 2 003-і (48,5%) білімін колледждерде жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл – кәсіби-техникалық бағытқа деген сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, 461 оқушы ерекше үлгідегі аттестат алуға үміткер. Өткен жылы бұл сан 455 оқушыны құраған болатын. Бұл да оқушылардың оқу үлгерімі мен талаптылығын айғақтайтын жағымды көрсеткіш.
Мемлекеттік емтихандар бұрынғыдай дәстүрлі форматта өтеді.
– 9-сынып оқушылары үшін – 29 мамыр мен 10 маусым аралығында;
– 11-сынып оқушылары үшін – 30 мамыр мен 16 маусым аралығында.
Оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны 23 мамыр күні сағат 10:00-де қаладағы барлық мектептерде бір уақытта өтеді. Бұл – әр түлек пен ата-ана үшін толқынысқа толы ерекше сәт.
Өскемен қаласының әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойнша