KZ
Өскемен
-16°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
514.31 603.03 6.4

Елімізде ажырасу саны азайып келеді

22.10.2025, 10:00 160 Ержан Әбіш

Қазіргі таңда Қазақстанда отбасы институтын нығайтуға, неке мен бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған нақты мемлекеттік шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары елімізде ажырасу көрсеткіші едәуір төмендеп, отбасылық тұрақтылық деңгейі артқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдағы моральдық және отбасы құндылықтарын нығайтуды өзінің басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Бұл бағытта жүйелі зерттеулер мен нақты бағдарламалар іске асуда.

Мәселен, 2020 жылы алғаш рет «Қазақстандық отбасылар – 2020» атты ұлттық есеп жарық көрді. Құжатта еліміздегі ажырасу себептері, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен туу динамикасы терең талданған. Бұл есеп қоғамдағы өзекті мәселелерді айқындап, болашаққа арналған мемлекеттік саясаттың негізін қалады.

2023 жылы қабылданған   Әлеуметтік кодекс   еліміздегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды кешенді түрде қолдауға бағытталған маңызды құжат болды. Кодексте ана мен баланың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етуге басымдық берілген.

Сонымен қатар, әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында қабылданған заңнамалық өзгерістер отбасылық саясаттағы жаңа кезеңнің бастауы болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық енді қылмыстық жауапкершілікке жатқызылып, балаларға қатысты кез келген зорлық түріне қатаң жаза енгізілді.

Отбасы институтын нақты қолдау мақсатында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Отбасын қолдау орталықтарының қызметі қайта құрылып, бірыңғай модель бойынша жүйелендірілді. Соның нәтижесінде олардың саны 33-тен 131-ге дейін, яғни төрт есеге артты.

Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бұл орталықтардың қызметін  автоматтандыру және цифрландыру   жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Бұл – халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған қадам.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанда ажырасу деңгейі 16 пайызға азайған. Егер 2020 жылы тіркелген ажырасу саны 48,2 мың болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға дейін түскен.

Мұндай оң нәтижеге қол жеткізуге неке мен отбасылық өмірге саналы дайындықты күшейтуге бағытталған жобалар ықпал етті. 2024 жылдан бастап некеге тұруға өтініш берушілерге арналған тегін кеңес беру және оқыту жобасы іске қосылып, Шымкент пен Астана қалаларында сәтті сынақтан өтті.

Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі «Отбасы және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау» атты   гранттық жобаны   жүзеге асыруда. Соның аясында «Ата-аналар академиясы» құрылып, ата-аналарға арналған онлайн курстар мен оқыту бағдарламалары дайындалды.

Жақын арада «Ата-ана.kz» онлайн платформасы іске қосылмақ. Онда бала тәрбиесіне қатысты кеңестер, бейнесабақтар мен психологтардың ұсыныстары топтастырылмақ.

Моральдық-әлеуметтік құндылықтарды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Соңғы 11 жылда бұл жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы   қатысып, қоғамдағы отбасылық үлгіні насихаттап келеді.

2023 жылдан бастап Қазақстанда   Аналар күні   (мамыр айының екінші жексенбісі) және Әкелер күні (маусым айының үшінші жексенбісі) ресми мерекелер қатарында аталып өтуде. Ал дәстүрлі   Отбасы күні   қыркүйектің екінші жексенбісінде тойланады.

Бүгінде Қазақстанда отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайтуға бағытталған саясат нақты нәтижесін беріп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық шаралардың арқасында қоғамда жауапкершілік, сыйластық және өзара құрмет ұғымдары қайта жаңғырып келеді.

Отбасы – елдің іргетасы, ал берік отбасы – берекелі қоғамның кепілі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу