KZ
Өскемен
-43°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

«Адал азамат» дизайн-коды: ШҚО-дағы 14 мектеп бірыңғай стильде безендіріліп жатыр

22.10.2025, 11:35 232 Ержан Әбіш

Қазақстанның білім кеңістігінде жаңа серпіліс басталды. «Адал азамат» бағдарламасы аясында еліміздің жүзге жуық мектебі бірыңғай дизайн-кодпен безендіріліп, ұлттық рух пен заманауи стильдің үйлесімді үлгісіне айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл бастама – тек мектептің сыртқы бейнесін жаңарту емес, тәрбиелеу мен эстетикалық мәдениетті қалыптастырудың жаңа жүйесі. Дизайн-код мектеп ортасын ұлттық болмысқа жақын, заманауи талаптарға сай етіп түрлендіруді көздейді.

Шығыс Қазақстан облысы да бұл бағыттан шет қалған жоқ. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қазіргі кезде өңір бойынша 14 мектепте «Адал азамат» бірыңғай дизайн-кодын орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 6 мектепте безендіру жұмыстары толық аяқталған. Бұл – өңірдегі білім беру кеңістігін ұлттық мазмұнда жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Жаңа форматтағы мектеп қабырғаларына қазақтың ұлттық ою-өрнектері, ел тарихындағы көрнекті тұлғалардың бейнелері, ұлы ойшылдар мен ағартушылардың қанатты сөздері бейнеленген муралдар орнатылған. Бұл – жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті, рухани тамырға құрметті арттыруға бағытталған ерекше қадам.

Сонымен қатар, мектептің ішкі безендірілуінде ортақ шрифт, түс гаммасы және навигациялық жүйе сақталған. Мұның барлығы оқу кеңістігінің эстетикалық бірлігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тәрбиелік және когнитивтік ортаны жақсартады.

Мектептің әрбір қабаты мен залы оқушылардың жас ерекшелігіне қарай ойластырылған: Бастауыш сыныптарда – мейірім мен патриоттық сезімді қалыптастыратын, жылы түстер мен символдық бейнелер басым. Орта және жоғары буында – ғылым, зерттеу және дербес ойлау мәдениетін ынталандыратын, пәндік бағыттағы мазмұн тереңдетілген.

Жоба авторларының айтуынша, жаңа дизайн-код – ұлттық тәрбиенің заманауи форматы. Ол оқушыларға көркемдік талғам мен отансүйгіштік сезімді ұштастыра жеткізуді мақсат етеді.

Бірыңғай стильдегі мектеп кеңістігі оқушының өзін еркін әрі жайлы сезінуіне, оқу процесіне оң әсер етуге бағытталған. Мектеп ішіндегі бағыттау белгілері, пәндерге арналған аймақтар мен демалыс алаңдары да бірыңғай тұжырымдама аясында жасалған.

Жаңа жобаның алғашқы кезеңі «Келешек мектептерінде» жүзеге асырылды. Алдағы уақытта бұл тәжірибе реновация жоспарланған 1300 мектепте енгізілмек.

Осылайша, елімізде білім беру мекемелерін эстетикалық және тәрбиелік тұрғыдан жаңғырту ісі жүйелі мемлекеттік деңгейге көтерілді. Бірыңғай дизайн-код – жас буынның ұлттық сана мен заманауи ойлау мәдениетін қатар дамытуға бағытталған қазақстандық мектептің жаңа бейнесі болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу