Өскеменнің көшелері бірыңғай стильде безендіріледі
Өскеменнің өз дизайн-коды болады. Соған сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетіне бірыңғай талап қойылады.
Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың қатысуымен өткен облыс орталығының даму жоспары талқыланған жиында мәлім болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа дизайн-кодты таныстырған қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, көпқабатты үйлердің сыртқы келбетінен бастап, түсі, стилі мен абаттандырылуы, тіпті жарықтандырылуына дейін бір-бірімен үйлесім тауып тұруға тиіс. Бұл облыс орталығындағы тұрғын үйлер мен ғимараттарды заман талабына сай безендіруде біртұтас стильді ұстануға мүмкіндік бермек.
Жиында аймақ басшысы қала көшелерін жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындардың пікірін ескеру қажеттігін атап өтті.
Жоспарға сәйкес, жаңа дизайнда безендіру жұмыстары биыл Қазақстан көшесінен басталмақ.
Сонымен қатар әлеуметтік және коммерциялық нысандарды безендіру де қабылданған дизайн-кодқа сай болады, - деді Өскемен қаласының әкімі.
Абаттандыру бойынша үйлердің қасбеті, маңдайшасы, кіреберісі, жаяулар жолы, алаңдар мен нысандар бірыңғай стильге келтіріледі. Жобалау коды кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы жұмыстарды жүзеге асыруға негізгі төрт көше таңдап алынды. Олар Шәкәрім даңғылы, Нұрмағамбетов, Қазақстан, Чехов көшелері.
Қуаныш Рахметоллаұлы