ШҚО: Сарыөлең ауылдық округінде тіршілік жаңарып, тұрмыс жақсарып келеді
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Күршім ауданына қарасты Сарыөлең ауылдық округінде әлеуметтік-экономикалық дамуды көздеген бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Округке қарасты Сарыөлең, Барақ батыр және Бірлік ауылдарында инфрақұрылым жаңартылып, жаңа тұрғын үйлер салынды, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауыл келбеті айтарлықтай өзгерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Су – тіршілік көзі
Сарыөлең ауылдық округінің әкімі С.Ақсартовтың айтуынша, Сарыөлең ауылында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Көмей» учаскесіндегі су бұрғыш дамбысы ағымдағы жөндеуден өткізілді. Бұл жұмысты ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Достық Қатанов өз қаражаты есебінен атқарды. Бұл – жергілікті кәсіпкерліктің ауыл дамуына қосқан нақты үлгісі.
Тұрғын үй құрылысы жанданды
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында округтегі екі ауылда жаңа үйлер пайдалануға берілді.
Сарыөлең ауылында қос пәтерлі бір үй және Жамбыл көшесінде бір пәтерлі төрт үй бой көтерсе, Барақ батыр ауылында қос пәтерлі және бір пәтерлі үйлер ел игілігіне тапсырылды. Бұл жас отбасылар мен ауылда жұмыс істейтін мамандар үшін үлкен қолдау болды.
Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне
Сарыөлеңдегі «Саят, Сұңғат» саябағында балаларға арналған баскетбол және волейбол алаңдары салынып, ойын алаңы толық пайдалануға берілді. Сонымен қатар ауылға кіре берістегі №1 саябақ темір қоршаумен қоршалып, абаттандырылып, тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасалды.
Бірлік ауылында 50 орындық жаңа мектептің құрылысы толық аяқталып, 30 тамыз күні есігін айқара ашты. Бұл – білім саласындағы маңызды жетістік.
Барақ батыр ауылында қысқы уақытта балаларға ойнауға арналған хоккей корты салынып, аяқталды. Сонымен қатар, Барақ батыр, Бірлік ауылдарының жанынан өтетін Қарабас каналының бойында орналасқан шлюз құрылымдары жөндеуден өтті.
Жол және жарық – басты назарда
Сарыөлең ауылындағы сегіз көшені орта жөндеуден өткізуге бюджеттік өтінім беріліп, қаржы бөлінуі күтілуде. Ауылдық округтегі елді мекендердегі барлық көше жарықтандыру бағандары (556 дана) сырланып, ескі шамдары жаңа заманауи шамдарға ауыстырылып, ескірген желілері жаңартылды.
Бұдан бөлек, Барақ батыр ауылында алты көше қиылысына жарық орнату үшін де бюджеттік тапсырыс берілген. Бірлік ауылындағы Абай көшесінің тозған электр желісі толық ауыстырылып, қазан айында іске қосылмақ.
Экология мен тазалық – басты міндет
Ауылдық округте орналасқан мал өткелектері, мал қорымы және қатты қалдықтар төгетін орындар жаз мезгілінде үнемі тазартылып, санитарлық талаптарға сай ұсталып отыр.
Сарыөлең ауылындағы қатты қалдық төгетін орынды қоршауға қатысты барлық сметалық құжаттары дайын, қаражат бөлінуі күтілуде.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында мекемелер, ұйымдар және ауыл тұрғындары жаппай тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып, ауыл келбетіне жан бітірді. Жиналған қалдықтар арнайы техникамен тиісті орындарға жеткізілді.
Сонымен қатар, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ауыл жастары да белсенділік танытып, елді мекенді көркейтуге өз үлестерін қосты.
Баға тұрақты, бақылау тұрақты
Округтегі жеті азық-түлік дүкенімен 2025 жылға арналған жаңа меморандум жасалып, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар бағасын көтермеу туралы келісімге қол жеткізілген.
Баға тұрақтылығы қатаң бақыланып, дүкендерде үстеме баға 15%-дан аспау талап етілуде. Қазіргі таңда нан бағасы орташа есеппен 185 теңге.
Сарыөлең ауылдық округіндегі бұл бастамалар – тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер. Ауылдық округ әкімдігі мен тұрғындардың бірлескен еңбегі елді мекендердің жаңаруына жол ашып отыр.
Айжанат Бақытқызы