Жолдар, әуежайлар және жаңа кластерлер: Шығыс Қазақстан туризмі еселеп өсуге дайын
Шығыс Қазақстан өңірі бүгінде үлкен магистральдар мен әуежайлардан бастап, шағын көрініс алаңдары мен экологиялық үйлерге дейінгі туристік инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңа туристік өнімдердің тұтас легін іске қосуға кірісті. «Altai Invest–2025» халықаралық инвестициялық форумында отандық және шетелдік серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойылып, өңірдің туризм бағыттары мен басым жобалары нақтыланды. Мақсат – аймаққа келетін қонақтарға жаңа қақпа ашып, жергілікті бизнеске тұрақты әрі болжамды ағым қалыптастыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Табиғи ландшафт, мәдени мұра және шекаралық логистика енді жүйелі түрде экономикалық өсім мен жұмыспен қамтудың тірегіне, өңірлік брендтің өзегіне айналып келеді. Туризмнің серпіні нақты көрсеткіштерден байқалады: шетелдік туристер саны 5 пайызға артқан, ал салаға тартылған инвестиция көлемі биылғы жылдың алғашқы жартысында 13 миллиард теңгеге жетті.
Қазір өңірде төрт бағыт қатар дамуда: Катонқарағайдағы сауықтыру туризмі, Марқакөлдегі экотуризм, Риддердегі тау-шаңғы, сондай-ақ Өскемен–Ұлан–Глубокое аумақтарындағы рекреациялық кластерлер.
Негізгі инфрақұрылым: жол және қолжетімділік
Туризмнің күретамыры – жол. Осы бағытта облыстың көлік басқармасы мен Қытайдың «Heilongjiang Province Bada Road» компаниясы Марқакөл ауданындағы Ұрынқай ауылына дейінгі жол құрылысына қатысты меморандумға қол қойды. Көл жағасына жетелейтін бұл бағыт жергілікті тұрғындар мен туристер көптен күткен шешім болатын.
Жоба жаңа учаскелер салуды, бар бөліктерді қайта жаңғыртуды қамтиды. Соның нәтижесінде жолға кететін уақыт қысқарып, сервис пен логистика тұрақталады, экосоқпақтар жүйесі реттеледі. Бұл жол Марқакөл үшін жай ғана қозғалыс бағыты емес — білім мен медицинаға қолжетімділіктің, шағын бизнестің, яғни, қонақүй, тағам, қолөнер, жалға беру жаңа мүмкіндігінің кепілі.
Зайсан: «Шығыс қақпасы» және жаңа әуе торабы
Сәтпай ауылы маңындағы бұрынғы әскери аэродром орнында 2025 жылы басталған жаңа әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұшу-қону жолағы мен перрон толық аяқталып, дренаж жүйесі мен белгілеу сызықтары орнатылуда. Қазіргі уақытта терминал, диспетчерлік мұнара және қосалқы нысандар салынуда.
Әуежай Омбы–Майқапшағай трассасына жақын орналасқан. 2200 метрлік ұшу жолағы Q400, ATR 42/72 және CRJ200 секілді борттарға бейімделген. Алғашында ішкі рейстер жоспарланып отыр, кейін халықаралық бағыттар ашылмақ. Қазірдің өзінде Зайсан ауданы жылына шамамен 20 мың турист қабылдайды, әуежай іске қосылғанда бұл көрсеткіш 4–5 есеге дейін артуы мүмкін.
Географиялық орналасуы мен Қалбатау–Майқапшағай дәлізімен түйісуі Зайсанды өңірлік хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Егер Тұғылдағы өзен порты жобасы да жүзеге асса, Қытай–Қазақстан–Ресей бағытында жаңа көлік конфигурациясы қалыптаспақ.
Ұлан: Сібе көлдеріндегі жаңа тыныс
Форум аясында Ұлан ауданы әкімдігі, Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы және «Vista Lago» компаниясы Сібе көлдерінің жағалауында заманауи демалыс аймағын салу туралы келісімге келді. Сібе – таудан бастау алатын бес көлдің жүйесі, Өскеменнен бар болғаны 85 шақырым жерде.
Жоба жыл он екі ай жұмыс істейтін форматқа бағытталған. Бұл – аудан экономикасына жаңа жұмыс орындары мен тұрақтылық әкелмек. Сонымен қатар, «ЭМТРЭВЭЛ» компаниясымен көрініс алаңын салу туралы келісім жасалды. Мұндай нүктелер – қысқа мерзімді демалысты ұйымдастырудың тиімді тәсілі. Олар кофепойнт, жалға алу және гид-сервис сияқты шағын бизнесті жандандырып, маусымдық кезеңді ұзартады.
Күршім мен Катонқарағай: ірі нысандар мен «ақылды туризм»
Күршім ауданында көпфункциялы демалыс базасы салынбақ. Жоба бойынша аудан әкімдігі мен Қытайдың «Синьцзян Синьши Хуншунь» компаниясы меморандумға қол қойды. Катонқарағай ауданында «Altai Taihe Real Estate Development Co., Ltd» компаниясымен халықаралық стандартқа сай қонақүй кешенін салу көзделуде.
Бұл нысандар қысқы туризм мен жоғары сервис элементтерін енгізіп, Катонқарағайдың «қазақ Швейцариясы» мәртебесін арттырмақ. Сондай-ақ, «Pana Asia»-мен серіктестік аясында экосаяхаттар, этноауылдар, гастрономиялық турлар іске асырылмақ.
Риддер: премиум-спорт және қауіпсіздік стандарты
Риддер қаласында премиум форматтағы белсенді демалыс орталығы бой көтермек. Қала әкімдігі мен «Скай Тау Риддер» ЖШС арасындағы келісім аясында мотокросс, эндуро, маунтинбайк, тау шаналары мен квадроциклдерге арналған трассалар салу жоспарланып отыр. Бұл жоба кен өндіру дәстүрі басым аймақ экономикасын әртараптандырып, Шығыс Қазақстанды экстремалды туризм орталығына айналдырады.
Алтай ауданы: экотуризм мен аймақ бренді
Алтай ауданында «ЭМТРЭВЭЛ» компаниясымен әріптестік туралы меморандум жасалып, экоүйлер, жаяу және атқа міну бағыттары, аймақтық брендинг жобалары нақтыланды. Табиғи әлеуетті отбасылық, оқиғалық және маусымдық демалыспен ұштастыру – шағын және орта бизнес үшін тұрақты табыс көзі болмақ.
Марқакөл: дәстүр мен табиғат үндестігі
Марқакөл ауданында «Aila Tau» компаниясымен Шағанатты ауылында сауықтыру кешенін салу жөнінде келісімге қол қойылды. Марал шаруашылығы дәстүрін сақтай отырып, пантаванналар мен емдік рәсімдер желісі кеңейтіледі. Бұл – экологиялық стандартты сақтай отырып, дәстүр мен бизнесті үйлестіретін үлгі.
Үлкен Нарын: жаңа тартылыс нүктесі
Үлкен Нарын ауданында көрініс алаңы мен туристік домиктер салу туралы меморандумға қол қойылды. Жаңа нысандар аңғарлар мен жоталарға ашылатын ерекше панорама арқылы саяхатшыларды тартпақ. Бұл — жергілікті жастар үшін қызмет көрсету саласында жаңа мүмкіндіктер мен табыс көзі.
Қытай нарығына шығу және біртұтас даму логикасы
ШҚО Туристік ақпарат орталығы мен Синьцзян халықаралық туристік агенттігінің «Батыс өлкесі» филиалы арасындағы келісім қытайлық туристер үшін кәсіби маркетинг пен ортақ бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өңір туризмін дамытудың негізгі формуласы – инфрақұрылым + стандарттар + маркетинг. Осы үштаған бір жүйеге түскенде, Шығыс Қазақстан жыл он екі ай жұмыс істейтін, тұрақты туристік ағым мен жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ететін тұтас туристік экожүйеге айналмақ.
Басты жауапкершілік – табиғатқа ұқыпты қарау, рекреациялық жүктемені сақтау және «із қалдырмау» қағидатын ұстану. Егер осы ұстаным сақталса, Шығыс Қазақстан туризмі – ел экономикасының жаңа драйвері әрі халықаралық беделінің нышаны болары сөзсіз.
Дамир Омаров
Аударған: Инабат Қайса