KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
504.49 587.73 6.57

Шығыс Қазақстан туризмде жаңа серпін алады

14.10.2025, 17:30 181 Базарова Айгүл

Катонқарағай ауданы тұрақты туризм бағытымен ілгерілеп келеді. «Altai Invest-2025» халықаралық инвестициялық форумында аудан әкімі Данияр Дүйсембаев пен «Pana Asia» ЖШС директоры Сауле Жанабаева туризм саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жаңа келісімнің арқасында Катонқарағай ауданында тағы бір туристік жоба іске асуы ықтимал. Жоба аясында «Pana Asia» компаниясы өңірдің табиғи ерекшеліктерін тиімді пайдалана отырып, экотуризм бағыттарын дамытуды жоспарлап отыр. Бұл ретте экожорықтар ұйымдастыру, этноауылдар мен этноқонақүйлер салу, гастротурлар өткізу және мәдени мұраны сақтай отырып, табиғатқа ұқыпты қарау негізгі басымдықтардың бірі болмақ.

Шығыс Қазақстан үшін бұл – жай ғана жаңа туристік бағыттар емес, өңірлік экономиканың жаңа деңгейге шығуы. Туризм арқылы жергілікті кәсіпкерлер мен гидтердің қатысуымен тұрғын үй жолға беру, тамақтану, экскурсия ұйымдастыру және кәдесыйлар жасау секілді салалардың бағалары қалыптаспақ. Бұл жоба қауіпсіз туристік маршруттар әзірлеу, қызмет сапасын стандарттау, гидтерді даярлау және ішкі әрі шекара маңындағы туризмге бағытталған маркетингті дамыту сияқты бірнеше бағытта тиімді болады.

Бұл бастама Шығыс Қазақстандағы туризм инфрақұрылымын дамыту стратегиясымен үйлеседі. Атап айтқанда, бақылау алаңдары, ауылдардағы туристердің назарын тартатын нүктелер және шағын туристік нысандардың желісін кеңейту көзделген. Ал жергілікті тұрғындарды гид немесе қызмет көрсетуші ретінде жұмысқа тарту, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын насихаттау – жаңа тұрақты жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады.

Айта кету керек, Катонқарағай ауданында құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа әуежайдың жуырда ұшу-қону жолағы салынып бітті. Бұл әуе айлағы аудан мен өңірдің туризмін және жалпы экономикасын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып, ауданды Қазақстанның басқа өңірлері мен шетелдік қонақтар үшін тартымды бағытқа айналдыруы ықтимал.

Алайда туризмнің қарқынды дамуы табиғатқа зиян келтірмеуі тиіс. Сондықтан негізгі міндет – рекреациялық жүктемені шектеу, маусымдық аймақтарға бөлу, саяхаттаған кезде артында қоқыс қалдырмау қағидатын сақтау және қалдықтарды басқару жүйесін реттеу.

Алдағы айларда пилоттық бағыттар мен нақты талаптар тізімі бекітіледі. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, Катонқарағай ауданы Қазақстандағы тұрақты туризмнің тәжірибелік үлгісіне айналуы мүмкін. Арнайы жұмыс тобы толыққанды жол картасын әзірлеп, кейін пилоттық жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.



Айна Бакимбаева 

Дамир Омаров 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу