KZ
Өскемен
-12°
ясно жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

ШҚО: «Қыран елім – Қазақстан» жас суретшілердің облыстық байқауы

23.10.2025, 13:30 197 Айжанат Бақытқызы

Республика күні қарсаңында Өскемен қаласындағы А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Қыран елім – Қазақстан» атты жас суретшілердің облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Кітапхана маманы Ұлпан Қанатқызының айтуынша, байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім ұялату, бейнелеу өнері арқылы елдік құндылықтар мен тәуелсіздіктің рухын дәріптеу, шығармашылық қабілетті дамыту болды.

Бұл өнер додасына 21 суретші қатысты. Олардың қатарында қаламыздағы «Сурет» үйірмесінің, «Pro ART» студиясының, ШҚО білім бөлімінің №45 орта мектебінің, сондай-ақ «Креативті ART» балалар үйірмесінің жас қылқалам шеберлері өз туындыларын ұсынды.

Жас суретшілердің жұмыстары келесі тақырыптар бойынша қабылданды:

• «Менің Қазақстаным – бейбіт ел»

• «Тәуелсіздік – басты құндылығым»

• «Туған жерімнің табиғаты»

• «Рухани жаңғыру: дәстүр мен болашақ»

Әр жұмыс идеяның бірегейлігіне, көркемдік деңгейіне және орындау шеберлігіне қарай бағаланды.

Байқаудың ашылуында қатысушылар мен қонақтар мемлекеттік Әнұранды орындап, ел рухын сезінді. Алғысөзді «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы бастап беріп, жас суретшілерге шығармашылық табыс тіледі.

Байқау жұмыстарына әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында ҚР Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Бекбердинова мен Қазақстан Журналистер одағының ШҚО филиалының төрағасы Мерей Қайнарұлы болды. 

Байқау жеңімпаздары төмендегідей:  

Бас жүлде – Әмина Алтай  

1-орын – Жанайым Пайзрахманова 

2-орын - Маржан Мұқашева және Алима Асланқызы 

3-орын – Милана Липина және Нұрсұлтан Алтаев.

Сонымен қатар, «Жас қылқалам шебері» арнайы жүлдесімен Мәди Жәнібек, «Ең үздік патриоттық сурет» арнайы жүлдесімен Арайлым Темірбекова марапатталды. 

Марапаттау сәтінде үздік шыққан қатысушыларға дипломдар және сыйлықтар табысталды.

«Қыран елім – Қазақстан» байқауы жас суретшілердің қиялын, елге деген сүйіспеншілігін және шығармашылық әлеуетін айшықтаған жарқын мерекеге айналды.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу