«Қыран елім – Қазақстаным» мерекелік шарасы
Шығыс Қазақстан өнер музейі Қазақстан Республикасы күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным» атты тағылымы мол мерекелік іс-шараны Өскемен қаласындағы Отбасылық үлгідегі балалар ауылында өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты, туған елге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздер мен ұлттық мәдениетке құрмет сезімін ұялату.
«Менің елім – Қазақстан» атты білім сайысы мен концерттік бағдарлама көрермендердің зор ықыласына бөленді. Дәстүрлі «Арқан тартыс» ойыны қатысушылардың бірлігін арттырып, мерекелік шараның мәнін аша түсті.
Балалар ауылының тәрбиеленушілері мен №49 мектептің оқушылары сахна төрінде «Рух» және «Батыр қыздар» билерін орындап, ұлттық өнердің мәні мен сұлулығын паш етті.
Жылы да салтанатты атмосферада өткен шара жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатып, Республика күні мерекесінің рухын айқын сездірді.












