«Алтай» футболшылары марапатталды
Өскемен футболының жаңа дәуірі басталды. Араға 13 жыл салып, «Алтай» командасы Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алды. Республика күні мерекесінде Бірінші лиганың қола жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Кеше футболдан Бірінші лига чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл маусым «Алтай» үшін ерекше болды. Команда өз алаңында шымкенттік «Оңтүстікті» 4:1 есебімен жеңіп, турнирдің үздік үштігіне енді. Осы нәтижемен өскемендіктер 55 ұпай жинап, 53 балл алған қарағандылық «Шахтерден» озып, 2026 жылғы маусымда Премьер-лигаға жол ашты.
Есепті ойынның 8-минутында Сэйф Попов ашып берсе, екінші таймда Артем Тетерин, Гаврил Кан және Ибрагим Дадаев қарсылас қақпасына гол соқты. Қонақтардан Биржан Тоқтыбай бір доптың авторы атанды, бірақ ойын тағдырын өзгерте алмады.
«Бұл – Шығыс футболының қайта оралуы»
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов команданың жеңісін өңір спорты үшін үлкен серпіліс деп бағалады.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл жетістік – қажырлы еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Спорт әрқашан Шығыс Қазақстанның рухани өмірінің бір бөлігі болып келгенін айтқан әкім бұл жеңіс жастарды жігерлендіріп, футбол инфрақұрылымының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Өскемен үшін үлкен сый
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов та «Алтайды» жеңіспен құттықтады.
Марапаттау рәсімінде облыс әкімі ойыншылар мен бапкерлерге медальдар мен естелік белгілер табыс етті.
Сонымен қатар, әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен келесі жылдан бастап өңірде жабық футбол манежі салынатынын айтты. Нысан УЕФА-ның 3-санатына сай, Шығыс Қазақстанда елдің үздік клубтарымен қатар, еуропалық командалардың да ойынын өткізуге мүмкіндік береді.
«Алтай» жаңа белеске шықты
Көпшілік үшін бұл жеңіс – мақтаныш пен сөнген үміттің қайта лаулаған сәті. Өскемен бұрын хоккей мен волейболымен танылса, енді футбол да өз орнын қайта тапты.
Осылайша, «Алтай» 13 жылдан кейін алғаш рет елдің басты футбол аренасына оралады. Команданы жаңа мақсаттар, жаңа қарсыластар және үлкен үміттер күтіп тұр.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет
Бейне: Жанібек Ырысбай











