«Алтай» бірінші орынға көтерілді
«Алтай» бірінші орынға көтерілді. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының алтыншы турында өз алаңында Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасын қабылдаған семейлік ұжым қарсыласын 3:0 есебімен талқандап, биылғы маусымда алғаш рет жеке-дара біріншілік көшін бастады.
Айта кетейік, бұл ойынға дейін бірінші орында дәл осы шымкенттік клуб тұрған болатын. «Алтай» болса, лидерден бір ұпайға кем жинап, екінші орында келе жатқан.
Ал Семейдің «Спартак» стадионында өткен матчтағы есеп 13-ші минутта ашылды. Гол өз қақпасына нәтижелі соққы бағыттаған «Академия Оңтүстік» ойыншысы Қанат Қаримоланың еншісінде. Кездесудің 52-ші минутында алаң иелері Константин Бернацкийдің көмегімен есепті еселей түссе, ойынның соңына шамамен он минут қалғанда Сергей Дудкин «Алтайдың» үшінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды.
Еске салайық, бұған дейін семейлік және шымкенттік командалардың қоржынында сәйкесінше 11 және 12 ұпайдан бар болатын. Алайда бұл ойыннан кейін тағы үш ұпай жинаған алтайлықтар қарсыласын басып озып қана қоймай, турнирлік кестенің көшін бастады. Ал «Академия Оңтүстік» командасы болса, осы сәтсіздігінен кейін турнирлік кестенің төртінші орнына сырғыды.
Келесі кездесуін жерлестеріміз 16 мамыр, бейсенбі күні Қызылорда қаласында жергілікті «Байқоңырмен» өткізеді.