«Алтай» Шымкентте ірі жеңіске жетті

Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының кезекті турында Шымкентте жергілікті «Қыранмен» кездескен семейлік «Алтай» қарсыласын ірі есеппен тізе бүктірді.
Бұл матчтағы есеп кездесудің 27-ші минутында ашылды. Гол «Алтайдың» жартылай қорғаушысы Сергей Дудкинның еншісінде. Ойынның 41-ші минутында алтайлықтар шабуылшы Вячеслав Сердюковтың көмегімен есепті еселей түссе, тағы бес минуттан кейін Сергей Дудкин дубль авторы атанды.
Екінші таймда «Алтайдың» тағы бір шабуылшысы Дәурен Қайқыбасов көзге түсіп, есепті 0:4-ке жеткізді. Бұған алаң иелері жалғыз доппен жауап бере алды. Қорытынды есеп 1:4 «Алтайдың» пайдасына.
Осы жеңісінен кейін қоржынында 32 ұпайы бар семейлік ұжым екінші орындағы Петропавлдың «Қызылжарынан» төрт ұпайға озып тұр. Келесі кездесуін жерлестеріміз 27 шілде күні өз алаңында теміртаулық «Шахтер-Болатпен» өткізеді.