KZ
Өскемен
-7°
небольшой снег жел 8 м/с, СБ
519.61 610.13 6.54

Катонқарағай ауданы тұрақты өсім қарқынын сақтап келеді

30.10.2025, 11:00 187 Базарова Айгүл

Катонқарағай ауданы ағымдағы жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім қарқынын көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция тарту салаларында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Ауданның табиғи әлеуетін тиімді пайдалану, туризмді дамыту және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Катонқарағай ауданы экономикасының тоғыз айдағы қорытындысы аймақтың тұрақты даму қарқынын айқын көрсетіп отыр. Барлық негізгі салаларда оң өсім тіркелген. Өнеркәсіп саласында өнім өндіру көлемі 985,9 миллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 164,5 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібі де жоғары серпін көрсетіп, 175,7 пайыздық өсімге қол жеткізді. Ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында да тұрақты даму байқалады. Өнімнің жалпы көлемі 13 миллиард теңгеден асып, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 114,3 пайызға жоғары.

Инвестициялық белсенділік те едәуір артқан. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі 25,3 миллиард теңгеге жетіп, 760 пайыздық өсімді көрсетті. Құрылыс саласында да айтарлықтай алға жылжу бар — орындалған жұмыстардың жалпы көлемі 11,1 миллиард теңгеге дейін өскен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 363 пайызға көп.

Сонымен қатар, биыл ауданда 4 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге жоғары. Жалпы, бұл деректер Катонқарағай ауданында әлеуметтік-экономикалық өсімнің тұрақты сипат алып, өңірдің даму әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді.

— «Біздің басты мақсатымыз — ауданның табиғи әлеуетін тиімді пайдалана отырып, халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын жаңғырту және шағын бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады», — деді Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Катонқарағай ауданында жергілікті атқарушы органдар халықпен тиімді байланыс орнатуға және тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын жедел шешуге баса назар аударып келеді.

Жыл басынан бері аудан және ауылдық округ әкімдерінің тұрғындармен есептік кездесулері мен қабылдаулары барысында барлығы 54 ұсыныс пен сұрақ тіркелді. Оның ішінде 34 мәселе толық шешімін тапса, 20 ұсыныс бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Тұрғындарды ең жиі толғандыратын тақырыптар – жолдарды жөндеу, ауыз су жүйесін жақсарту, көше жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жаңарту, медициналық қызмет пен коммуналдық мәселелер.

— «Әрбір көтерілген сұрақ бақылауға алынып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, жергілікті мәселелерді шешудің тиімді алаңына айналып отыр», — деді аудан басшысы.

Катонқарағай ауданында еңбек күші артық өңірлерден тұрғындарды қабылдау бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба – өңіраралық еңбек ресурстарын тиімді бөлу және ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға бағытталған мемлекеттік бастама.

2025 жылы осы бағдарлама аясында еңбек күші артық өңірлерден 9 отбасы, барлығы 24 адам Катонқарағай ауданына қоныс аударды. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көшуге, тұрғын үй жалдауға және тұрмыстық жағдайын қалыптастыруға арналған субсидиялар берілді.

Бүгінде бұл отбасылар аудан аумағына орнығып, шаруашылықтарын жүргізіп, жергілікті қоғам өміріне белсене араласып отыр.

Сонымен қатар қазіргі таңда 50 адам қоныс аударуға дайын, олар өңірлік квота бөлінуін күтуде. Бұл ауданға жаңа еңбек күшінің келуіне және демографиялық теңгерімді сақтауға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, жуырда Шымкент қаласында өткен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі барысында Катонқарағай ауданына қызығушылық айтарлықтай артты. Аталған іс-шара нәтижесінде:

  • Шымкент қаласынан – 68 отбасы (барлығы 286 адам),
  • Сарыағаш ауданынан – 24 отбасы (102 адам) ауданға қоныс аударуға ниет білдірді.

Бұл азаматтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салаларында еңбек етуге әзір екенін айтты.

Жергілікті атқарушы органдар қоныс аударушыларды қабылдауға қажетті инфрақұрылым мен жұмыс орындарын дайындау бағытында жұмыстар атқаруда. Аудан әкімдігі тұрғын үй мәселесін шешу үшін бос тұрған үйлерді қайта қалпына келтіру, сондай-ақ жаңа тұрғын үйлер салу жобаларын қарастыруда.

Жалпы, қоныс аудару бағдарламасы Катонқарағай ауданында еңбек нарығын теңестіру, жас мамандарды тарту және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болып отыр.

2025 жыл ауданда туризм саласын қарқынды дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаларымен ерекшеленіп отыр. Табиғаты тамсандырған өлкеде жалпы құны бірнеше миллиард теңгені құрайтын төрт ауқымды жоба қарастырылған болатын. Бүгінде олардың екеуі толық аяқталды.

Атап айтқанда, Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантомен емдеу орталығын кеңейту жұмыстары аяқталды. Бұл жобаға 400 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, шипажайдың емдік-сауықтыру мүмкіндіктері кеңейтілді. Сонымен қатар Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-отелі аумағында мейрамхана салу жобасы (200 млн теңге) да аяқталды.

Ал Аршаты ауылындағы ірі «Altay Resort» курорттық кешенінің құрылысы (2 млрд теңге) әзірге басталған жоқ. Катонқарағай ауылындағы «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенінің құрылысы да (500 млн теңге) қолға алынбаған. Қазіргі таңда бұл кешеннің құрылысы жүргізілетін жер учаскесі анықталып, рәсімделген. Бұл нысандар іске қосылған кезде аймақтың туристік әлеуеті еселеп артады деп күтілуде.

Аймақтағы инвестициялық белсенділіктің артуы 26 қыркүйекте өткен халықаралық инвестициялық форумда да айқын көрінді. Форум барысында халықаралық «Altai Taihe Real Estate Development Company Ltd» компаниясымен 8 млрд теңге көлеміндегі қонақүй кешені мен киіз үй қалашығын салу туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «Pana Asia» компаниясымен жалпы құны 6 млрд теңге болатын жаңа туристік қалашық салу жөнінде келісім жасалды.

Ауданның дамуына серпін беретін тағы бір маңызды бастама – Катонқарағайда әуежай салу туралы Мемлекет басшысының шешімі. Заманауи әуежай туристер мен инвесторлардың ауданға келуін айтарлықтай жеңілдетіп, өңірдің халықаралық деңгейдегі туристік бағыт ретіндегі мәртебесін көтермек.

Жоспар бойынша әуежай Астана, Алматы, Өскемен және Семей қалаларына ішкі рейстерді, сондай-ақ Алтай мен Қанасқа (Қытай Халық Республикасы) және Баян-Өлгейге (Моңғолия) халықаралық бағыттарды қамтамасыз ететін болады.

Катонқарағай – Қазақстанның табиғи інжу-маржаны. Ал қолға алынған осы жобалар өңірдің экотуризм мен халықаралық туризм орталығына айналуына жол ашпақ.

АУЫЛ ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ – «АУЫЛ АМАНАТЫ»

Катонқарағай ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының бастамаларын нақты қолдау құралына айналды. 2025 жылы бағдарлама аясында аудан бойынша жалпы 47 жоба ұсынылды. Оның ішінде 289,52 млн теңгенің 24 жобасы мақұлданып, 10 жоба қаралу үстінде, ал 13 жоба түрлі себептермен мақұлданбаған.

Катонқарағай ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы қолдау тапқан жобалардың дені ауыл шаруашылығы, өндіріс және туризм салаларына тиесілі. Бұл бағыттар өңір экономикасын әртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға зор мүмкіндік бермек.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында бір жоба іске асуда. Жалпы құны 9,3 миллион теңгені құрайтын бұл бастама – жеке кәсіпкер «Кадыролла А.» сүт өнімдерін өңдеп, дәстүрлі құрт өндіруге арналған құрылғы сатып алу ісін қолға алған. Жоба жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, экологиялық таза ұлттық өнім өндірісін жолға қоюға бағытталған.

Өндіріс бағыты бойынша үш жоба мақұлданды. Олардың жалпы құны 17,9 миллион теңге. Соның бірі – жеке кәсіпкер Гүлсара Абдулова жүзеге асырып жатқан ПЭТ бөтелке шығару өндірісін ұйымдастыру жобасы. Бұл бастама аудан үшін жаңа өндіріс түрін ашып, тұрмыстық тұтыну нарығын өз өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Туризм саласы – аудан дамуының басты локомотивтерінің бірі. Осы бағытта 19 жоба мақұлданып, жалпы құны 185,3 миллион теңгені құрады. Олардың қатарында «Катон Camp» өндірістік кооперативінің жетекшісі Сергей Черкасовтың кемпинг жобасы, сондай-ақ Мұрат Қашағановтың «Карим Нур Тур» этнотуризм жобасы бар. Бұл нысандар табиғаты әсем Катонқарағай өңірінде экотуризмді дамытуға, келушілерге ұлттық дәстүр мен жергілікті мәдениетті таныстыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру мақсатында бір жоба шеңберінде 7,3 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көзделген. Бұл ауыл еңбеккерлеріне заманауи техникамен жұмыс істеуге жол ашып, өнімділікті арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда мақұлданған жобалардың оннан астамы толық жүзеге асырылып, бөлінген қаражат толық игерілді. Нәтижесінде аудан бойынша 33 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бұл жобалар – Катонқарағай ауданындағы кәсіпкерліктің жаңа тынысын ашып, жергілікті экономиканы дамытуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадам болып отыр.

Бұған дейін ауданда тек бір ғана мал сою пункті жұмыс істеген болса, енді 2025 жылы жаңа мал сою алаңының құрылысы қолға алынды. Сонымен қатар, 2026 жылы аудан аумағында 5 мал қорымын салу (жалпы құны – 153 млн теңге) және 5 ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу (120 млн теңге) жоспарланған. Бағдарлама шеңберінде ауыл шаруашылығына 150 млн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл қаржы инфрақұрылымды жақсартуға, өңдеу және қызмет көрсету салаларын дамытуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 30 адам тұрақты, ал 20-ға жуық тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылды.

Ауданның әлеуеті мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта модульдік мал сою пункттерін, тері өңдеу цехтарын салу және марал шаруашылығын дамыту бағытындағы жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы — ауыл экономикасын көтеріп қана қоймай, тұрғындардың өз жерінде еңбек етуге және табыс табуға жол ашқан маңызды бастамаға айналып отыр.

Катонқарағай ауданында 2025 жылы жол инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл жалпы құны 1,35 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар ауданішілік және ауылдарға кіреберіс жолдардың сапасын арттыруға бағытталған. 

2025 жылы аудан бойынша төмендегі нысандарда жөндеу жүргізілуде:

 • «Пантолечебница – Жанат» демалыс базасына кіреберіс жол – 33 млн теңге.

 • Қоробиха ауылына кіреберіс автомобиль жолының 16,5 шақырымы ағымдағы жөндеуден өтуде – 45 млн теңге.

Орташа жөндеу жұмыстары:

 • «Жаңа-Үлгі – Жамбыл – Берел» автомобиль жолының 0–12 шақырымы (ауыспалы жоба) – 87,471 млн теңге.

 • «Согорное – Барлық – Ақсу» автомобиль жолының 8–41 шақырымын жөндеуге 484,312 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жұмыстардың 45%-ы орындалды, жобаның мердігері – «Өскемен Тазалық» ЖШС.

 • «Аршаты ауылына кіреберіс автомобиль жолының» 0–12,8 шақырымы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның құны – 586,9 млн теңге, мердігер – «Өскемен Тазалық» ЖШС.

 • Катонқарағай ауылының ішкі көшелерін орташа жөндеу – 115 млн теңге (ШҚО АЕБ қаржыландыруы есебінен).

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар «Өскемен–Алтай–Үлкен Нарын–Катонқарағай–Рахман қайнары» автомобиль жолының 437–450 шақырымындағы учаскеде орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл жол Өрел, Аршаты, Берел ауылдары және «Рахман қайнары» шипажайы арасындағы негізгі көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Аталған 13 шақырымдық жол қиыршықтас жамылғысы бар IV техникалық санатқа сай келеді. Жоба бойынша тендер өткізіліп, мердігер ретінде «СК Зайсан» ЖШС анықталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталған, ал толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланып отыр.

Жол жөндеу сапасын арттыру және жұмыстарды дер кезінде жүргізу мақсатында аудан әкімдігінің бастамасымен, «Өскемен Тазалық» ЖШС-нің қолдауымен Шыңғыстай ауылының маңынан жаңа асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Зауыттың өндірістік қуаты – сағатына 80 тонна асфальт. Жобаға кәсіпкер тарапынан 300 млн теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын шетелдік экологиялық стандарттарға сай келетін заманауи технологиямен жұмыс істейді және бүгінгі таңда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа зауыттың іске қосылуы аудан жолдарын жөндеуді едәуір жеделдетіп, материалдық шығындарды азайтады. Бұл өз кезегінде ауылдар арасындағы көлік қатынасын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етпек.

Катонқарағай ауылында көше жарығын орнату жұмыстарына жалпы 30 миллион теңге қаражат бөлінді. Жалпы саны 34 қырлы тірек пен 60 қарапайым тірек орнату, сондай-ақ 78 орынға кабельдер мен шамдарды ауыстыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Катонқарағай ауылында су құбыры желілері мен нысандарын жаңарту бойынша ауқымды жоба өз мәресіне жетіп келеді. Жобаның жалпы құны – 4 454,459 млн теңге. Бүгінге дейін игерілген қаржы көлемі – 3 607,776 млн теңге. Жобаны аяқтау мерзімі – 2025 жылдың қараша айы.

Жоба аясында су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 76,792 шақырымды құрайды, оның ішінде:

 • магистральдық бөлігі – 52,828 км,

 • үйлерге тартылған бөлігі – 23,964 км (1134 абонент).

Қазіргі таңда:

 • 79,488 км су құбыры желісі тартылды,

 • 1020 абонент қосылды,

 • қалған 114 абонентті қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары да қатар атқарылуда. Жоспар бойынша 800 м² жол жабыны қалпына келтірілуі тиіс болса, соның 400 м² орындалды, тағы 400 м² жұмыс алда. Жоба толық аяқталған соң, ауыл тұрғындары үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Ал Топқайың ауылында су құбыры желілері мен нысандарын реконструкциялау жобасы толық аяқталды. Жалпы құны – 602,865 млн теңге. Оның ішінде 525,086 млн теңге игерілді, ал 2025 жылға бөлінген қаржы – 77,779 млн теңге.

Мердігер ұйым – «QazConstructions» ЖШС. Жоба 2021 жылдың маусым айында басталған болатын. Нысанды толық аяқтау үшін жобаның сметалық құнын ұлғайтпай, жалпы сомасы 77,779 млн теңгеге қосымша келісімшарт «SELuX» ЖШС-мен жасалды.

Қазіргі уақытта барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, ауыл тұрғындарына таза ауыз су үздіксіз жеткізілуде.

Сондай-ақ, Катонқарағай ауылында көптен күткен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Жалпы құны 921,6 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылысы қаржыландыруы республикалық бюджеттен (819,5 млн теңге) және облыстық бюджеттен (102,1 млн теңге) қаржыландырылды.

Жобаның іске асу барысында бұған дейінгі мердігер компаниямен келісімшарт бұзылып, құрылыс жұмыстарын «СтройДомСервис» ЖШС өз мойнына алған болатын. Ең бастысы – жоба сметалық құнын арттырмай, барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде орындалды.

Қазіргі таңда нысан пайдалануға толық дайын. Жаңа спорттық кешен аудан жастары мен тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына зор мүмкіндік береді. Кешеннің салтанатты ашылуы 2025 жылдың 24 қазанына жоспарланып отыр.

2025 жылы Катонқарағай ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде барлығы екі пәтерлі алты тұрғын үй, яғни, 12 пәтер сатып алу жоспарланған.

Үйлердің орналасуы:

 • Катонқарағай ауылында – 4 үй,

 • Қызыл Жұлдыз ауылында – 1 үй,

 • Қайыңды ауылында – 1 үй.

Әр пәтердің пайдалы ауданы кемінде 70 м², жалпы тұрғын үй ауданы 840 м² құрайды. Жобаны іске асыруға бюджеттен 218,4 млн теңге бөлінген. Оның ішінде:

 • республикалық бюджеттен – 89,52 млн теңге,

 • мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен – 102,31 млн теңге,

 • облыстық бюджеттен – 26,57 млн теңге.

2025 жылғы 21 мамырда ШҚО Катонқарағай ауданы әкімінің аппараты мен «Qurylys BD» ЖШС арасында аталған тұрғын үйлерді салу және сатып алу жөнінде меморандум – офтейк-келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, нысандар пайдалануға беруге дайын.

Катонқарағай ауданының Жамбыл ауылдық округі аумағында Бұланты (Ақ Берел) өзенінің үстінен өтетін Қараайрық көпірі қайта жаңартылады. Көпір аудандық маңызы бар Язевое көліне кіреберіс автожолының бойында, яғни республикалық маңызы бар «Өскемен–Алтай–Рахман қайнары» жолына қосылатын бағытта орналасқан.

Бұл жол Язевое көліне апарады — туризмді дамыту тұрғысынан үлкен әлеуетке ие аймақ. Ал қазіргі ағаш көпір 1974 жылы салынған, сондықтан оны жаңарту қажет болып отыр.

Катонқарағай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі көпірді реконструкциялау жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған.

Жобаның жалпы құны — 592,0 млн теңге. Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңін бастау үшін облыстық бюджеттен 176,3 млн теңге бөлінді. Жобаны «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС жүзеге асырады, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа көпір салынып біткен соң, аудан тұрғындары мен туристер үшін жол қатынасы әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз болмақ.



Айна Бакимбаева



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу