Әлеуеті артып келеді: Тарбағатайда әлеуметтік жобалар көбейді
Тарбағатай ауданы 2025 жылдың алғашқы бес айында бірқатар салада оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауданда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция салаларында өсім байқалады. Мәселен, өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 1,6 млрд теңгеден асып, өсім 101 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі – 5,1 млрд теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 137 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 млрд теңгеден асып, нақты көлем индексі 125 пайызға жетті.
Биыл негізгі капиталға 3,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция үлесі артып келеді.
Жалпы ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалардың саны да артып отыр. Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылы 135 жобаға 6,6 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 121 жобаға 7,7 млрд теңге игерілген. Ал биылғы жылы 150-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 9,8 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.
Тарбағатай – табиғаты көркем, тарихи-мәдени маңызы зор өңір. Бұл өлкеде жасалып жатқан әрбір бастама – халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауылдардың ажарын ашуға бағытталған. Жаңа жобалар мен нақты істердің нәтижесінде аудан өмірінің әр саласында даму байқалады.
Фото: Жібек Нұрахмет