Қоғамға қайта оралуға көмек: полицейлердің «Жаңа жол» бастамасы
Шығыс Қазақстан облысында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қолдауға және қоғамға бейімдеуге бағытталған «Жаңа жол» профилактикалық акциясы жалғасуда. Мақсаты – адамдарға жаңа өмір бастауға, қоғамға қайта бейімделуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектесу, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Полицейлер басты назарды жұмыспен қамту, медициналық және психологиялық қолдау бағыттарына аударып отыр. Құқық қорғау қызметкерлері жұмыс берушілермен, дәрігерлермен және әлеуметтік қызмет мамандарымен бірлесіп, азаматтарға қажетті құжаттарды рәсімдеуге, медициналық тексеруден өтуге және кеңес алуға жәрдемдеседі.
Мәселен, Шемонаиха ауданында учаскелік инспектор, полиция майоры Болат Мусин бұрын сотталған азаматқа сантехник болып жұмысқа орналасуға көмектескен. Қазір ол азаматпен тұрақты байланыста. Қоғамға тейімделуіне және түзелу жолында нық қадам жасауына қолдау көрсетуде.
Болат Мусиннің айтуынша, мұндай жұмыс тек акция кезінде ғана емес, жүйелі түрде жүзеге асырылады. Биыл аудан көлемінде учаскелік инспекторлардың көмегімен үш азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары профилактикалық кездесулер өткізіп, алкоголь мен психобелсенді заттардың зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын еске салуда.
ШҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаевтың айтуынша, акция аясында профилактикалық есепте тұрған азаматтарға да қолдау көрсетілуде. Бүгінде олардың бейімделу процесін бақылауға 37 полиция қызметкері, соның ішінде басшылық құрам өкілдері жұмылдырылған.